Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Кәсіп түбі – нәсіп

Ақсай ауылдық округіне қарасты Диқан ауылының тынымсыз тыныс-тіршілігімен осында жасаған іссапарымыздың барысында жақынырақ танысқан болатынбыз. Ауыл тұрғындарының дені ауыл шаруашылығына бет бұрып, оны негізгі күнкөріс көзіне айналдырып отыр.

Мұнда төрт түліктің басын көбейтіп, шаруашылықпен айналысып отырғандардың көбі ауыл жастары екен. Бұл, әрине, көңіл қуантарлық жайт. Осы орайда атакәсіптің дамуына атсалысып, ерінбей еңбек етіп жүрген Бақтияр Ізбасхановтың үйіне арнайы барып, әңгімелестік. Бізді жылы жүзбен қарсы алған ол жаңадан ашқан ісінің жүргізілу барысын әңгімелеп берді.

Үйдің ауласында екі ұзын мал қора жаңадан салынған екен. «Мал баққанға бітеді» дейді дана халқымыз. Малдың жем-шөбін уақытылы беріп, күтімін келістірмесең, одан ойдағыдай өнім ала алмайсың. Бұл жөнінен Бақтиярға әкесі үнемі ақыл-кеңесін беріп отырады. Себебі, Өмірбай Ізбасханов та мал шаруашылығымен шұғылданып, қойдың басын көбейтіп отырған жайы бар. Ол «Алтын сақа» бағдарламасы аясында 200 қой сатып алып, қазіргі таңда малдың басын жылдан-жылға көбейтіп, 300-ге тарта уақ малды ауыл сыртындағы жайылымда бағуда.
Ал, Бақтияр болса кәсібін жаңадан бастап, сүт бағытындағы ірі қара өсірумен айналысады. Алдымен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалынан кәсіп ашу жайында біраз сабақтар алады. Білікті мамандардан кеңес алған ол өз ісі жайында жоба жасап, қорғап шығады. Ұсынған жобасы мақұлданып, «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында сүт бағытындағы ірі қара мал өсіруге төрт миллионға жуық қаржыны жеңіп алып, өз жұмысын бастап кетеді.
– «Еңбектің наны тәтті» дейді дана халқымыз. Мені отбасымда ата-анам еңбекке баулып өсірді. Үйде ата-анамның қасында жүріп, көп еңбектену, алға талпыну керектігін түсіндім. Осы ауылда туып-өскендіктен, мұндағы тынымсыз тіршілік бізге таңсық емес. Сондықтан ата кәсіппен шұғылданып, кәсіп ашуда аса қорқыныш болмады. Мұнда тек қана ерінбей еңбек ету керек. Міне, менің үйге кірген бетім де осы. Қарбалас тірлік таңның атысымен басталып, түс ауа аяқталады. Таңертең тұрып сиыр сауып, оларды өріске жіберіп, сүтін ертерек өткізуге асығамыз.
Қорадағы ірі қара малдың барлығы өзіміздің жергілікті сиырлардың тұқымы. Өздеріңіз білесіздер, қазір сүттің азаятын мезгілі. Мұнда бір көмекшім бар. Сиыр арнайы аппаратпен сауылады. Сауылған сүтті орталықтағы «Жуалы сүт өнімдері» компаниясына өткіземіз. Мал азығын, яғни жем-шөптің барлығын әзірлеп, алдағы қысқа дайындық жұмыстарын жасап қойдық, – дейді ол өз сөзінде.
Жас кәсіпкердің айтуына қарағанда, оның алдағы жоспарлары да ауқымды көрінеді. Ол осы кәсібін кеңейтіп, ірі қара малының санын арттыруды межелеп отырғандығын жеткізді. Сонымен қатар ауылдағы ең басты мәселенің бірі – мал жайылымының тарлығы болып отырғанын да айтты.
Елімізде биылғы жыл Жастар жылы деп жарияланып, Үкімет тарапынан жастарға барынша қолдау болып жатқандығы баршамызға белгілі. Кәсіп ашам деушілерге арнайы мекемелерден бағыт-бағдарлар беріліп, түрлі бағдарламалар мен жобаларға қатыстырылуда. Сонымен қатар, еліміздің ертеңі саналатын жастар шағын және орта бизнестің дамуына да өз үлестерін қосып жатыр. Міне, бүгінде ісін жаңадан бастап, атакәсіпті дамытуға сүбелі үлесін қосып отырған Бақтиярдай еңбекқор жастар барда ауылдың гүлдене беретінін анық аңғарғандай болдық.

Айгүл Қалымханқызы.
Жуалы ауданы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close