Басты бетЖаңалықтарСпорт

Азия чемпионатынан алтынмен оралған қыз

Жуырда Үндістанның Нью-Дели қаласында самбодан өткен Азия чемпионатынан алтынмен оралған тараздық Елизат Аязбекті жерлестері сән-салтанатымен күтіп алды, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

75 келі салмақта бақ сынаған тараздық өреннің құрметіне өзі оқитын Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде салтанатты жиын өтіп, онда сөз сөйлеген университет ректоры Ержан Әмірбекұлы бұл жеңістің жерлестері үшін үлкен абырой екенін және алдағы уақытта оның спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасалатынын айтты.

Сондай-ақ облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты №7 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қуаныш Есмұрзаев жас спортшының болашағына сенім білдіріп, жеңістің жамбылдықтар үшін зор қуаныш екенін атап өтті.

Жалпы, аталмыш Азия біріншілігіне Моңғолия, Жапония, Өзбекстан сынды 15 мемлекеттен балуандар қатысқан. Елизат болса, соңғы сәтте Қырғызстан және Өзбекстан Республикасының балуандарын жеңіп, жеңіс тұғырына көтерілгенін айтты.

– Елизаттың талантты спортшы болатынын кішкентай кезінен аңғардым. Спортқа баулуыма әуелі анасы біраз уақыт қарсы болып жүрді. 14 жасынан самбо күресінен Талас ауданы, Б.Тоқтықожаұлы атындағы Аққұм орта мектебінің спорт залында жаттықтырып келемін. Төрт жылдың нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Шәкіртім Аққұмда жүріп-ақ, Азияны бағындырды, – дейді жеке бапкері Барбол Жәуіш.

Жиын соңында сөз алған жас спортшы жерлестерінің сенімін ақтау үшін барын салып күрескенін айтып, алда қазан айында Өзбекстанда өтетін әлем чемпионатында тағы бақ сынайтынын жеткізді. «Болашақта Әлем, Олимпиада чемпионы болғым келеді» – деп, арман-мақсаттарымен бөліскен Елизат өзіне қолдау білдірген ата-анасына, жерлестеріне, ТарМПУ-дың ректораты мен оқытушыларына, жеке бапкеріне алғысын білдірді. Осылайша, жас спортшының құрметіне ұйымдастырылған жиын өз мәресіне жетті.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close