Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Жастарды жұмыспен қамту – өзекті мәселе

Таразда «Жастар жылына» орай көптеген бастамалар қолға алынуда. Солардың бірі – жастарды жұмыспен қамту.

Елімізде мемлекеттік жастар саясатын қолдаудың республикалық жол картасы бекітілген. Осы құжатта жастарды жұмыспен қамту, олардың кәсіпкерлікпен айналысуына жол ашу, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, т.б. мәселелер қамтылған. Соның ішінде жастарды маусымдық еңбекпен қамту мәселесі де бар. Ендеше, осы бағыттағы жұмыстар Таразда қалай жүзеге асуда? Соған тоқталып өтсек.

 Жалпы, жастарды маусымдық жұмыспен қамтудың артықшылығы айтпаса да белгілі. Себебі, көбінесе жаз мезгілінде бос жүретін жастарды еңбекке баулу, уақытша жұмыс беру арқылы өз қажеттіліктеріне қаржы табуына көмектесу кім-кімге де артық болмасы анық. Ал бұндай игі шараны ұйымдастыру тұрғысынан алғанда Тараз қаласында ауыз толтырып айтатын жаңалықтар аз емес. Мысалы биыл Жамбыл облысы бойынша 1 мыңнан астам жасты «Жасыл ел» еңбек жасағы сапында маусымдық еңбекпен қамтуға 73,0 миллион теңге бөлінген екен. Оның 48 миллион теңгесі республикалық бюджеттен болса, 25 миллионы жергілікті бюджеттен қаралған. Ал осы жастар Тараз қаласындағы иесіз су жүйелерін, яғни каналдарды тазартуға жұмылдырылып, олардың орташа еңбекақысы 60 мың теңгені құрады. Сондай-ақ, 300-ден астам өңір жастарын құрылыс нысандарында маусымдық жұмыспен қамту жоспарланып, бұл бағытта да нақты жұмыстар атқарылып жатыр.

  Жалпы, биылғы Жастар жылы жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға басымдық беру көзделген. Бұдан бөлек, Кәсіпкерлер палатасымен бірігіп жергілікті жастарды «Бизнес бастау» жобасына оқыту жұмыстары қолға алынып отыр. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады. Ал жастарға деген қамқорлық қашанда өзекті әрі қажетті мәселе екенін ескерсек, бұл жұмыстардың қалыпты болуы заңдылық. Қалай болғанда да, Жастар жылы – жақсы жаңалықтарға толы боларына сенім мол.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close