Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Жасөспірімдер қылмысы азаймай тұр

№30 мектеп-гимназиясында Жамбыл облысы полиция департаменті мен Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен жиын өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың, сондай-ақ жасөспірімдердің құқық бұзушылықтарының алдын алу сынды өзекті мәселелерді қараған жиынға Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев қатысты.

Жиынға, сондай-ақ, Тараз қалалық полиция басқармасының бастығы Ардақ Мәдімаров, жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері, мектеп инспекторлары, қалалық білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп директорлары, олардың орынбасарлары мен арнайы орта білім беру мекемелерінің басшылары қатысты.

Кеңесте Тараз қаласы ІІБ ӨҚБ бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков сөз сөйлеп, күнделікті рейдтік және алдын алу жұмыстары барысында Тараз қаласының полиция бөліміне 3082 кәмелетке толмаған жасөспірім, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 231 жасөспірім жеткізілгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, қаланың колледждері мен мектептерінде ата-аналар жиналысы өткізілгенін, онда ата-аналарға ҚР ҚК, ҚР ӘҚБтК баптары түсіндірілгенін жеткізген баяндамашы жасөспірімдер құқық бұзушылықтарының негізгі саны кешкі уақытқа келгенін, сондықтан 23.00-ді күтпестен, кештен бастап жедел-алдын алу іс-шараларын өткізу орынды екенін атап өтті. Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша қала аумағында жасалған қылмыстардың 60-ына кәмелетке толмағандардың қатысы бар болып шықты. Өткен жылы мұндай қылмыстың саны 53 болған екен. Жиында, сонымен қатар қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаеваның баяндамасы тыңдалды. Бұдан кейін кеңес барысында №29, 26 және 11 орта мектептерінің оқушылары жасаған құқық бұзушылықтың нақты фактілері талқыланды. Қала әкімі №29 орта мектепте құқық бұзушылықтың алдын алу мен әскери-патриоттық тәрбиедегі олқылықтардың бар екенін, мектеп секциялары мен үйірмелерінің жұмысы қанағаттанарлықсыз екенін атап өтті.
Кеңес соңында Қайрат Досаев жасөспірімдер қылмысына қарсы күресте құқық қорғау органдары мен білім бөлімі бірлесе жұмыс істесе нәтижелі болатынын айта келе, аталған мектептерде құқық бұзушылықты тексеру бойынша комиссия құрып, қосымша мектеп секциялары мен үйірмелер ашуға назар аударуды тапсырды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close