Басты бетЖаңалықтарМәдениет

Келіні жақсы үйдің керегесі алтын

Бүгін Жамбыл облысы Жуалы аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» атты аудандық келіндер сайысы өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі. Аталған шараны аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков ашып, байқауға қатысушы жас келіндерге сәттілік тіледі.

Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу, келіннің отбасындағы ролі мен оның жас ұрпақтың тәрбиесіне тигізер әсерін насихаттау мақсатында өткен сайысқа ауылдық округтерден 11 келін қатысып, жиналған көрермен алдында өз өнерлерін ортаға салды. Олардың ішінде өздерінің инабаттылығымен көзге түсіп, ақыл-парасатын көрсете білген, ерекше қолөнерімен тәнті еткен келіндер қазылар алқасының сынынан сүрінбей өтіп, алдыңғы орындардан көрінді. Жалпы, келіндер байқауы төрт кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – таныстыру, екінші кезең – «Шебердің қолы алтын», үшінші кезең – «Өнерлі – елдің тұтқасы», төртінші кезең – «Ойлы болсаң озып көр». Аты айтып тұрғандай бірінші кезеңде қатысушылар өздерін таныстырса, екінші кезеңде қолөнер сынды қолынан шыққан ісін көрсетіп, үшінші, төртінші кезеңдерде өнері мен білімділігін көрсетуге барынша тырысып бақты. Осылайша тартысты әрі қызықты өткен байқауда көрерменнің де, қазылар алқасының да көңілінен шыққан қатысушылар жүлделі орындармен және арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда барлық кезеңдерден сүрінбей өткен Ұлжан Мамыр бас жүлдені жеңіп алса, Жанерке Байсакова бірінші орынды иеленіп, Мөлдір Мақашова мен Салтанат Тәуекелова екінші орынның тұғырына жайғасты. Сондай-ақ, келіндер бәйгесінде жүлделі үшінші орынды Нұргүл Қадырбаева, Камила Ибраева иеленсе, «Парасатты келін» номинациясы бойынша Гүлзира Ходжаева, «Инабатты келін» номинациясы бойынша Айман Алтайбекова, «Талантты келін» номинациясы бойынша Гүлнар Ізбасарова марапатталды. Байқау соңында жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close