Басты бетЖаңалықтарКәсіпкерлік және өнеркәсіпҚоғамӘлеумет

Шалғай ауылдағы шағын бизнес

Бүгін Жамбыл облысы Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылынан «Жастар Жылына» орай жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында берілген 1,5 млн. грантты ұтып алған Батырбек Абзал есімді жас кәсіпкердің «Жуалы чикен» орталығы ашылды, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі. Шағын орталықтың ашылуына аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы, Бауыржан Момышұлы ауылының әкімі Көбейсін Есқалиұлы және ауыл тұрғындары қатысты.

Ағымдағы жылдың шілде айында жастарға арналған 3 миллионға дейінгі грантқа ауданнан 31 жас азамат қатысып, оның ішінде қолдау тапқан 15 адамға 32 млн. теңге грант берілген болатын. Соның ішінде бүгінгі таңда 2 кәсіпкерлік жобасы ашылып отыр. Алдағы уақытта қалған грант иегерлері де өз кәсібін ашатын болады.

Жалпы, кәсіпкерлікпен айналысам деген азаматқа бүгінде елімізде барлық жағдай жасалған. «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдаудың және дамытудың бірыңғай бағдарламасы да сәтті жүзеге асуда. Бұдан бөлек бизнесті дамытуға қолайлы жағдай туғызу мақсатында көптеген шаралар атқарылуда. Жоғарыда келтірілген мысал соның шағын бір дәлелі ғана. Мұндай мысалдарды облыс орталығынан шалғай жатқан ауылдардан көптеп келтіруге болады. Себебі, мемлекеттің қамқорлығын, мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын сезініп жатқан жандар бүгінде аз емес. Олар өңіріміздің әр қиырынан табылады. Яғни,  еңбек етем, шама-шарқыма қарай шағын болса да өз кәсібімді ашам деген азаматтарға қолдау көп. Тек ниет керек. Әйтпесе, масылдық танытып, «алма піс, аузыма түс»-тің керін келтіріп, жалқаулықтан арыла алмай жүргендер де жоқ емес. Ондайда Абайдың «ісім өнсін десең, ретін тап» деген сөзі оралады ойға. Ахмет Байтұрсынұлы да «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген. Ендеше, мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер мен артықшылықтарды пайдаланып, кәдеге жарату жолында еткен еңбек өнімді болсын деп тілейік. Әр қазақтың бастаған ісі береке тапсын!

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close