Басты бетЖаңалықтарСпорт

Жаңатас қаласында облыстық турнир өтуде

Кеше Сарысу ауданы Жаңатас қаласында Жамбыл облысы ауыл жасөспірімдерінің жазғы спорт ойындарының ашылу салтанаты өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.
Cпорт кешенінде ұйымдастырылған Жамбыл облысы ауыл жасөспірімдерінің жазғы ойындарына қатысу үшін Мойынқұм, Шу, Меркі, Тұрар Рысқұлов, Байзақ, Жуалы, Жамбыл, Талас, Сарысу аудандарынан ойыншылар келген болатын.

ҚР Мемлекеттік Әнұраны әуелей орындалып, жарыс бағдарламасымен бас төрешісі Дархан Әбдраимов таныстырғаннан кейін Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков құттықтау сөз сөйлеп, жуырда ғана Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жариялағанын айта келе, «Жолдауда барлық салаларға тоқтала келе, бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс деп спорт саласына да баса назар аударды. Осы орайда біз де спорттың дамуына барынша ықпал жасап, арамыздан чемпиондар шығуына үлес қосуымыз кеерек» – деп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұл күні турнир ер азаматтар арасында өтсе, ертесінде қыздар арасында жалғасын тапты. Спортшыларға ән шашу орындалып, бас төрешісі жарысты жалғастырып әкетті.

Жалпы, бұндай жарыстар жастарды спортқа баулу, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылатыны белгілі. Сол себепті де, турнирлер көптеп өтсе құба-құп болары сөзсіз. Ал шалғай жатқан аудандарда ірі-ірі спорттық жарыстар өткізіп тұру бүгінге дейін дәстүрге айналып үлгергені белгілі. Дей тұрғанмен, жастарды салауатты өмір салтына тарту мақсатын көздеген іс-шара бізге көптік етпесі анық. Оның үстіне жас буынның қызығушылығын арттыру үшін қолға алынып жатқан мұндай турнирлер қатысушыларға серпін беретінін ескерсек, ауыл жасөспірімдеріне арналғаны тіпті қуантады. Шын мәнінде, спорттың саулық кепілі екенін білсе де, көпшілік ден қоя бермейтіні белгілі. Ал спортпен шұғылдануға деген құлшыныс арту үшін осындай іс-шаралардың үлесі зор. Мұндай турнирлер, сондай-ақ, қатысушылардың дені сау ұрпақ ретінде қалыптастып қана қоймай, тәрбиелі әрі саналы жастардың қатарын арттыруына септігін тигізеді. Міне, Жаңатас қаласында өтіп жатқан турнир осындай ауқымды мақсатпен қолға алынды. Жарыс қорытындысы алдағы уақытта жарияланатын болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close