Басты бетЖаңалықтарРуханиятӘдебиет

Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев жас ақындармен кездесті

Бүгін Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев жергілікті жас ақындармен кездесті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен жиынға Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры, ақын, «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты Хамит Есаман бастаған Данияр Әлімқұл, Табиғат Абаилдаев, Арайлы Жақсылық, Ғайникен Маралтайқызы, Нұрболат Сатымқұл сынды бір топ ақындар қатысып, өлеңдерін оқыды. Кездесуді облыстық «Ар-Ай» жастар газетінің бөлім меңгерушісі, ақын Нұржан Қадырәлі жүргізіп отырды.  

Расында, «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, руханият жанашыры Қайрат Әскербекұлы келгелі көптеген игі істің басы қайырыла бастағанына көпшілік куә. Әсіресе, биылғы «Жастар жылында» жас буынға қамқорлық танытып, қолдау жасаудың жарқын үлгісін көрсете білді. Қалай десек те, ақындарға өлең оқытып, өтінішіне құлақ түретін әкімдердің қарасы қалың емес екені жасырын емес. Ал бұндай игі шаралар әдебиет айдынына енді-енді қанат қағып, жаңадан қалыптасып келе жатқан буын өкілдері үшін маңызды екені әрі шабыт пен серпіліс берері сөзсіз. Сол себепті де, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осындай шараларды көптеп ұйымдастырудың артықшылығы басым.

Кездесуде ақындармен емен-жарқын әңгімелескен қала әкімі олардың ұсыныс-тілектерін орындау үшін қолдан келген істен аянып қалмайтынын жеткізді. Мәселен, Хамит Есаман облыс орталығында жас ақындар форумын өткізу туралы ұсынысын жеткізіп, жастардың кітабын шығаруға көмек беруін сұрады. Шаһар басшысы айтылған барлық мәселелер төңірегінде өз ойын айтып, шешу жолдарын қарастыруға уәде етті. Жиында әкімнің өзі де Омар Хайям, Жүсіп Қыдыров сынды ақындардың өлеңдерін жатқа оқып берді. Жалпы, бұл кездесу еркін форматта өтті. Мәселелер талқыланып, әңгіменің  тиегі ағытылып қана қойған жоқ, ақындар, оның ішінде жастар жиылған жиын болған соң өлең де оқылды, гитарамен ән де шырқалды. Нұрлан Әбдікәрім, Шапағат Әбдір сияқты ақындар Шәмші Қалдаяқов, Ілия Жақановтың әндерін орындады. Кездесу соңында қала басшысы Қайрат Досаев жас ақындарға сый-сияпат жасап, келер жылы ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толатынын ескере келе Абайдың қарасөздер кітабын тарту етті. Сондай-ақ, жастарға алғысын білдіріп, ізгі тілегін жеткізген шаһар басшысына қонақтар да рақметін айтып, ризашылықпен тарқасты.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close