Басты бетЖаңалықтарКәсіпкерлік және өнеркәсіп

Кәсіпкерлікті дамыту – маңызды мәселе

Жуалы ауданында 4 466 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, соның ішінде 3 ірі, 160 шағын кәсіпорын (заңды тұлға), 1 979 жеке кәсіпкер, 2 324 шаруа қожалығы бар. Бұл туралы Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының Жуалы ауданындағы филиалының директоры Алмас Әуесхан Бауыржан Момышұлы ауылы әкімі аппаратының мәжіліс залында өткен аудандағы кәсіпкерлік субъектілер өкілдерімен кездесу барысында баяндаған болатын.

 Аталған шаруашылық субъектілерінде барлығы 8 908 адам жұмыс істейді, соның ішінде 128 адам орта кәсіпорындарда, 692 адам шағын кәсіпорындарда, 1 678 адам жеке кәсіпкерлікте, 6 410 адам шаруа қожалықтарында.
Шағын және орта бизнес субъектілерінің экономикалық қызмет түрлерінің құрылымында 55,5% – ауыл шаруашылығы, 26% – өнеркәсіп, 8% – сауда, 11% – басқа салалар алады.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау саласы бойынша филиалға алты өтініш келіп түскен, соның ішінде екі өтініш оң шешілсе, төртеуіне түсініктемелер берілген. Одан бөлек, сервистік қызмет көрсету аясында филиал рұқсат беру құжаттарын алған 30 жобаны сүйемелдеген, бұл жобалар негізінен жеке кәсіпкер ретінде қызметінің басталғаны туралы хабарламаны тіркеуге және құрылыс объектілерін заңдастыруға қатысты.
Тауарларды жылжыту мақсатында отандық тауар өндірушілер шығарылатын өнімді ішкі және сыртқы нарықтарда өткізетін әлеуетті кәсіпкерлердің тізілімі жасалған. Тізілімге ауданның 31 кәсіпкері енген, олардың ішінде түрлі саладағы экспорттаушылар бар.
«Бастау» және «Жас кәсіпкер» жобаларына тиісінше 135 және 100 тыңдаушы қатысқан. «Бастау» жобасының 135 тыңдаушысының 37-і 125,3 млн.теңгеге қаржыландырылған. 29 млн. теңге сомасына 11 жоба қаралуда, жобалардың көпшілігі ауыл шаруашылығына тиесілі (ұсақ мал, ірі қара және жылқы өсіру). «Жас кәсіпкер» тыңдаушыларының 45 жобасы құрылып, жұмыспен қамту орталығына 200 АЕК көлемінде мемлекеттік гранттарды ұсыну бойынша конкурсқа қатысушы ретінде жіберілген. Сонымен қатар, «Бастау» және «Жас кәсіпкер» тыңдаушыларына бизнестің рентабельді түріне, ең аз салымдарға кәсіби бағдар беру жүргізілуде.
Жыл басынан істерін жаңа бастап жүрген кәсіпкерлерге арналған «Бизнес-кеңесші» құралы бойынша 55 адам оқу курстарынан өткізіліп, сертификаттар берілді. «Жобалық оқыту» құралы бойынша 10 кәсіпкерлік субъект, іскерлік байланыстар бойынша екі адам оқытылған.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close