Басты бетЖаңалықтарӘлеумет

Талапты бала талпынған құстай

Жақында Билікөл ауылдық округіне жасаған іссапарымыз барысында алғаш болып Қарабастау ауылындағы білім ошағына атбасын тіреген болатынбыз. Мектептің тыныс-тіршілігімен таныса отырып, оқуда озат оқушыларымен де әңгімелескен едік.
№3 Қарымбай Қошмамбетов атындағы орта мектепте үлгілі тәрбиесімен, қоғамдық жұмыстарға белсене араласуымен, түрлі жарыстарға қатысуымен ерекшеленетін оқушының бірі – Назерке Әуесхан.
Назерке 5 сыныпта оқиды. Мектеп табалдырығын аттағаннан бастап өзінің ізденімпаздығымен, еңбекқорлығымен, жан-жақтылығымен ерекше көзге түсуде. Білім ошағында ұйымдастырылатын шараларда ән салып, мәнерлеп өлең оқиды. Көбінесе патриоттық әндерді шырқағанды жаны сүйеді. Сонымен қатар, айналаны танып-білу мақсатында зерттеу жұмыстарына белсене қатысатыны да бар. Оның өнері мен білімін ұстаздары бағалап, жетекшілік етіп, байқауларға қатыстырады. Соның бірі – аудандық патриоттық әндер байқауында өнер көрсетіп, жүлделі үшінші орынды иеленеді. Сондай-ақ, «Мен зерттеп үйренемін» жас зерттеушілер жобасына қатысып, ізденімпаздығымен І орыннан көрінді.
-Менің арманым – өнер адамы болу. Маған ән айтқан ұнайды. Елімізге белгілі әншілер Ерке Есмахан, Әйгерім Қалаубаева секілді сахна төрінде ән салсам деймін. Ол үшін көп оқу керек деп ойлаймын. Бос уақытымда кітап оқып, ән айтамын. Үйде анама көмектесіп, отбасымды әрдайым қуантып жүремін. Жанұям мені мақтан тұтатындай болғым келеді, – дейді ол.
Әңгіме барысында Назеркенің ұстаздары оны мақтан тұтатындарын, қабілетінің жоғары және сабақ үлгерімінің өте жақсы екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, оның сабаққа деген ықыласы мен зейінінің ерекшелігін атап өтті. Әсіресе, ол қазақ тілі, әдебиет, музыка пәндерін сүйіп оқитынын да жеткізді.
«Талап – тұлпар, білім – сұңқар, Талапты бала талпынған құстай» демекші, оқу мен өнерді қатар алып жүрген Назерке осы бетінен танбай білімге ден қойса, алар асулары көп болары сөзсіз.

Айгүл Қалымханқызы,
Жуалы ауданы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close