Басты бетЖаңалықтарСпортҚоғамӘлеумет

Таразда қайырымдылық марафоны өтті

Бүгін «Адал жүрек» жалпыреспубликалық қайырымдылық науқаны аясында «Жамбыл-адалдық алаңы» жобасының бастамасымен құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір сүру салты мен мейірімділікті және парасаттылықты насихаттау, қоғамның көмекке мұқтаж мүшелеріне қолдау көрсету мақсатында қайырымдылық марафоны өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Іс-шараға Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Ә.Әшірбаев қатысты.
Тараз қаласының Достық алаңынан бастап Төле би көшесінің бойымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағына дейін 2400 метрге жүгіріп өткен қатысушылар марафон басталардан бұрын ерікті түрде қайырымдылық жарнасын төледі. Жалпы марафонға 600-ге тарта адам қатысып, жеңімпаздар кубокпен және дипломмен марапатталды.

Сондай-ақ, осы күні 200-ге жуық адам Облыстық қан орталығында қан тапсырды. Олардың ішінде қала тұрғындарынан бөлек құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметшілер бар.

«Қайырымдылық жасасаң қайырымын өзің көресің» – деген халық даналығы бар. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсізді баян ету аңсар мұратымыз, өтпелі шақтағы қиындықты жеңу азаматтық міндетіміз, ал тұрмысы төмен азаматтарға, ата-аналарының қамқорынсыз қалған балаларға қолдау көрсету – адамгершілік парымыз» деген болатын бір сөзінде. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та аз ғана уақыттың ішінде көптеген қайырымдылық істің бастамашысы болғаны белгілі. Міне, осындай ізгі мақсатты көздеген аталмыш іс-шараның мұқтаж азаматтар үшін маңызы зор. Сол себепті де, Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары шет қалмай, үлес қосса деген хабарландыру күн ілгері жарияланған болатын. Міне, бүгін Тараз қаласының Достық алаңына жиылған жұрттың қарасы қалың болуы сол ізгі қасиеттің бойымыздан кемімей, жомарт жүректі азаматтардың бар екенін тағы бір мәрте дәлелдей түскендей болды. Ұйымдастырушылардың да діттегені осы болса керек.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close