Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

ЖАМБЫЛДАҒЫ ЖАРНАМАЛАР ҚАШАН ЖӨНГЕ КЕЛЕДІ?

Тұрсынбек Қабатовтың сауатсыз аударылған жарнамаларға қатысты әзілін тыңдап па едіңіз? Сондағы «рукопашный бой – қоян-қолтық ұрыс» деген мысалды келтіргенде сол залда отырған халықтың арасында да, көгілдір экранның бер жағындағы көрерменнің ішінде де күлмеген жан қалған жоқ шығар. Десек те, бізде «Қоян-қолтық ұрыстан турнир өтті» деп жазатын ақпарат құралдары да аз емес. Сонымен қатар, «Қоян-қолтық ұрыс федерацияларының» да көптеген түрлері бар екен. «Әндіжанда әпкем бар, менен өткен сорақы» демекші, мұндай мысалдар Таразда да жетіп артылады, өкінішке орай. Ал оған дәлел келтіру үшін өзіміз тұратын үйден алысқа ұзаудың қажеті болмады.

  Шаһардағы 3-ықшамауданда «Оптика» деген аялдамада (дефис арқылы жазылған) «Көзәйнек-орталығы» бар. Аялдама осы орталықтың құрметіне аталып кеткен. Енді осы тұстан жан-жағыңызға көз тастайтын болсаңыз, «Аяқ киім өзекті жөндеу кез келген құлыптар тігу курткалар, пальто және сөмкелер жөндеу. Срочный ремонт обуви пошив любых замков на куртки, дубленки и сумки» деген дүңгіршекті байқамау мүмкін емес. Екі аттасаңыз сыртында «Уқалау, пилинг, жылы бассейн, ыстық парилка» деген жазуы бар «RELAX» демалыс орталығы тұр. Ал қарсы бетте «заңдық көмек көрсетіп, заңдық кеңес беретін «Заңгер» жеке кәсіпкерлігі бар. Сондай-ақ, бір ломбардтың атын екі рет жазып, біреуін «Жұлдызай», екіншісін «Жұлдыз-ай» дегеніне не жорық дерсіз? Тере берсек мысалды көптеп келтіруге болады. Алайда онсыз да түсініксіз, сауатсыз аударылып, жазылып жатқан осындай жарнамаларды енді латын графикасымен таңбаласақ қалай болады деген сауал туындайды. Бұл жерде де бір мысал келтірейікші. Биыл Наурыз мерекесі қарсаңында Таразда «Жастар аллеясы» ашылды. «Бәрекелді» дейтіндей-ақ бастама. Жергілікті жұрт солай қабылдады да. Ал «Жастар аллеясы» − «JASTAR ALEIASY» деп жазылған. Сонда кириллицада екі «л», жаңа әліпбиде бір «л» бола ма? Бірде жаңалықтан Шымкенттегі «Abay parki» туралы сюжет көрсетілгенде жаңа әліпбиге көшуде асығыстық танытпайық деген мәселе көтерген жоқ па еді?! Латын графикасына негізделген жаңа емле ережесі әлі бекітілмегенін ескерсек, біздікі науқаншылық емес пе деген ой келеді. Ал оның соңы неге әкеледі? Тағы да «басы істемегеннің екі аяғына зор келедінің» кері келіп, бір істі екі жұмысқа айналдырып алмаймыз ба? Жалпы, осыны қадағалайтын орталық бар ма бізде? Бұл мәселені кім және қалай шешуі тиіс? Яғни, жарнамалар жаңа әліпбиге көшкенде өз тілімізді өзіміз түсінбей, сақау мен мылқаудың күйін кешпесімізге кім кепіл?

Зиба ҚҰЛАМАНОВА, ф.ғ.к., доцент, ономастғалым:

− Көрнекі ақпараттар мен жарнамаларды латын графикасына көшіру кезінде алдымыздан шығатын ең маңызды мәселелердің бірі − олардың орфографиясы. Жасыратыны жоқ, көрнекі ақпараттар, сыртқы, ішкі жарнамалар, бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде газетке шығып жатқан жарнамалардың өзінде бірізділік жоқ, көп жағдайда қате жазады. Тіпті, біздегі жарнамалардың 60-70 пайызы көрнекі ақпараттар мен жарнамалар туралы Заңның, тіл туралы Заңның талаптарына сай емес деп айтар едім. Оның басты себебі – сауатсыздық. Оның ішінде «ң», «ү», «ұ» әріптерін «н», «у» әріптерімен шатастыратын жағдайлар да бар. Кезінде бір газет Ұлы Сталин дегенді Улы Сталин деп жазып, үлкен дау болғаны белгілі. Яғни, бір әріптің өзі үлкен роль ойнайтынын ұмытпауымыз керек.

Былтыр Павлодарда латын графикасы мен ономастикаға байланысты мәселелер көтерілген жиында мен «Тіл туралы Заңның кейбір баптарына өзгеріс енгізілуі керек» деген ұсыныс жасадым. Себебі, қатенің көкесі латын графикасына көшкен кезде болады. Олай болмас үшін біз жаппай сауаттандыруымыз керек. Елдің бәрі филолог емес және латын негізді қазақ әліпбиімен шұғылданып жүрген жоқ, тіпті тосырқай қарап жатқандар да бар екені бәрімізге мәлім. Осы тұрғыдан алғанда тек көрнекі ақпараттар мен жарнамалар ғана емес, жалпы ономастика саласында алдымызда қыруар шаруа тұр. Мәселен, бізде дүкендер, асханалар мен мейрамханалардың атауын көбінесе кісі есімімен қояды. Ал кісі есімі қалай жазылуы керек? Ф.ғ.д., проф. Әбдуәли Бегжан антропонимдерді яғни кісі есімдерін  зерттеп жүрген ғалым  «Әйгерім» есімінің өзі 18 түрлі жазылып жүргенін келтіреді. Яғни, оның да өзіндік реті бар. Мысалы, Таразда Қыдыралиев деген көше бар. Ол бір жерде Қадырәлі, бір жерде Қыдырәлі, енді бір жерлерде тіпті «ы» әрпі түсіп қалған. Заңды құжат бойынша ол көшеге қандай атау берілсе, солай жазылуы керек. Әйтпесе бір әрпін өзгертсеңіз, сіз ол көшені картадан таппай қаласыз. Дәл сол сияқты кісі есімінің де Халыққа қызмет көрсету орталығында сауатты жазылуын қадағалау керек. Ал құжатта басқаша жазылып, өзіңіз басқаша жазуыңызға болмайды.

Ал енді көшедегі «сақау», «сауатсыз», «мағынасыз» жарнамаларға оралатын болсақ, бұл бағытта Жамбыл облысында, Тараз қаласында жұмыс істелмей жатыр деп айта алмаймын. Облыста Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңның 21-бабы, «Жарнама туралы» Заңның 6-бабына сәйкес деректемелер мен көрнекі ақпарат тілін реттеу мақсатында құрылған ономастика комиссиясының мүшесі ретінде көшелерді аралап, рейд жүргізіп тұру дәстүрге айналған. Алайда біз ескерту жасаймыз, «осылай жазыңыз» деп кеңес береміз. Бірақ шара қолданып, мысалы айыппұл салмайынша мәселе шешіле қоюы екіталай екені айтпаса да белгілі ғой. Кейде тіпті ескерту айтқанның өзінде «Сіздің қандай хақыңыз бар»? – деп шу шығаратын қожайындар да бар. Бірақ көп жағдайда мәселе қаражатқа келіп тірелетіні жасырын емес. Жарнама агенттіктері қате жібереді, ал иесі қаражат кететін болғандықтан қайта жасағысы келмейді. Ал біз, өкінішке орай, қауқарсызбыз.

  Жалпы, облыстық тілдерді дамыту басқармасы, қалалық тілдерді дамыту бөлімі көптеген іс-шаралар ұйымдастыруда. Мысалы, былтыр агенттіктерді ынталандыру мақсатында олардың жарнама жасаудағы бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын байқау өткізді. Бұдан бөлек жыл сайын сауатты жазу бойынша акция өтіп тұрады. Десек те, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп жатқанымыз шамалы. Ендеше, қайтпек керек? Меніңше, әрбір адам өзінің жарнамасын немесе көрнекі ақпаратын жасар алдында мемлекеттік тілде сауатты жазылуына мән беретін болса, бұл мәселе әлдеқашан шешілетін еді. Адамдардың өздерінің сана-сезімі оянып, ойланбайынша, қате жазғанына жүрегі ауырмайынша істің бәрі бос. Сондықтан сөз соңында жерлестерімді өз жарнамасын сауатты жазуға шақырғым келеді. Себебі, көрнекі ақпараттар мен жарнамалар – біздің бет-бейнеміз.

***

Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасының мәліметіне сүйенсек, Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңның 21-бабы, «Жарнама туралы» Заңның 6-бабына сәйкес деректемелер мен көрнекі ақпарат тілін реттеу – басқарманың негізгі міндеттерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда биыл облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы аудандар мен Тараз қаласы әкімдері арасында Келісімдер жасап, «көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілдің пайдаланылудәрежесін» нысаналы көрсеткіш ретінде көрсетіп, әр тоқсанға меже белгілеген.Енді осы мақсатқа қол жеткізу үшін 2019 жылы басқарма тарапынан көптеген іс-шаралар қолға алынуда. Мәселен, үстіміздегі жылы басқарма тарапынан  «Көркем тіл – көрнекі жарнама» акциясы ұйымдастырылған. Сондай-ақ, ағымдағы жылы аудандардағы сыртқы көрнекі ақпараттардың (кермелер, билбордтар,  банерлер, жол бойындағы тақтайшалар) қолданыстағы заңнамалар талаптарына сәйкестігіне зерделеу жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек көптеген жұмыстар атқарылуда.

P.S. Қазақ тілінің орфографиясына қатысты мақала алғаш рет 1896 жылы «Дала уәлаяты» газетінде жарияланған екен. Дәл осы жылы бұл басылымда А.Құрмамбаевтың «Қазақтың жазба тілі ноғай (татар) сөздерімен «шұбарланып барады» деген мақаласы жарық көреді. Бұл тіл туралы мақалалардың бастамасы ғана еді. Одан бергі бір ғасырдан астам уақыт ішінде тіл туралы талай мақала жазылса да, шығып жатқан қорытынды шамалы. Мамандар жарнама беруші немқұрайдылық, ал жауапты мекемелер сүлесоқтық танытпай, әркім өз ісіне жауапты қарай бастаған күні іс оңға басатынын айтады. Ендеше, осы жолдағы ісімізде ілгерілеушілік болсын.

Айгүл СӘМЕТҚЫЗЫ, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Филология және журналистика» кафедрасының магистранты.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close