Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Әркім өз үйінің жанашыры болса игі

Таразда өз үйінің жай-күйіне тек зейнеткерлер ғана алаңдайтын секілді

Қазіргі таңда Таразда 31 ПИК және 374 үйді біріктіретін екі сервистік ұйым бар. Бұл шамамен барлық үйлердің төрттен бір бөлігі. Қалған көппәтерлі үйлер иесіз, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев.

Сонымен қатар, бөлім басшысы заң бойынша ортақ үй мүлігінің жай-күйіне, оны тиісті жағдайда ұстау үшін тұрғындар ортақ тәртіппен жауап беретінін айтады. «Соңғы жылдары жаңа көппәтерлі үйлер пайдалануға беріліп жатыр. Ол үйлердің тұрғындарымен біз арнайы кездесулер өткізіп, бөлімнің талаптарын жеткіземіз. Қолайлы басқару нысанын таңдауды ұсынамыз. Егер тұрғындар қандай да бір шешімге келмесе, заңға сәйкес үйге басқару органын тағайындаймыз. Мысалы, 13-ші мөлтек ауданда біз 40-тан астам жиын өткіздік. Алайда тұрғындардың 30-40 пайызы ғана қатысты», – деді ол. Бір қызығы, өз үйінің жай-күйіне тек зейнеткерлер ғана алаңдайтын секілді. Кез келген адам таза, жайлы жерде өмір сүргісі келеді. Алайда төлем жасағысы келмейтін көрінеді. Дегенмен, бүгінде заң бойынша жаңадан салынған үйлерге басқару органы міндетті түрде тағайындалады екен. Бұл туралы айтқан бөлім басшысы: «Аталған 13-ші шағын аудандағы №36, 37, 39 үйлерге басқару органдарын белгіледік. Барлық үйлері ПИК құрамына кіретін жалғыз шағын аудан бар. Ол – «Қарасу» мөлтек ауданы. Ең ірі кооператив – «Қайрат». Оған бесінші және екінші шағын аудандардан барлығы 33 үй кіреді. Тұрғындар мына нәрсені дұрыс түсінсе екен. ПИК қызметіне әр үйдің иесі пәтер алаңының бір шаршы метрі үшін 15 теңге төлейді. Бұдан түскен қаражат ПИК төрағасына, техникалық қызметкерлерге жалақы ретінде төленеді. Ескеретін жайт, кей үйлерде зейнеткерлер есебінен төлем көлемі 40 пайыздан аспайды. Ал үйдің жөндеу жұмыстарына, қыста суық болмауына, шатырдан су ақпауына ең бірінші кезекте жас отбасылар емес, осы қарттарымыз алаңдайды. Қарапайым ғана мысал, 1-ші мөлтек аудандағы 28 үйдің тек жетеуі ғана ПИК құрамына енген. Орталыққа жақын орналасқан шағын ауданның қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Иесіз үйлерде жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, шатырларынан күн суып, қар жауғанда су тамшылайды. Тұрғындар жөндеу жұмыстарын жүргізуге құлықсыз. Нақтырақ айтқанда, төлем жасауға ниетті емес. Біз үшін ең қиын кезең – жылу маусымының басталар уақыты. Көктем мезгілінен бастап қаладағы барлық мөлтек аудандарда «Таразтрансэнерго», «Жамбыл-Жылу» мекемелерімен бірлесіп үйаралық желілерді жылу мен ыстық су беруге дайындау қажеттілігін түсіндіру үшін 75 жиын өткіздік. Бұл жиындарға келетін сол баяғы зейнеткерлер. Ал өзге тұрғындар қысқа әзірлік жүргізбей, күн суыған бетте құбырлары жарылып, үйлерін су алғанда, сала мамандарын сөге жөнеледі», – деді.

Дей тұрғанмен, ПИК құрамына енген үйлердің ішінде де ақша төлегісі келмейтіндер бар. Мұндай жағдайда заң шеңберінде қарызды өндіріп алуға болатын жоба жасалған. Мысалы, қазіргі таңда көпқабатты үй тұрғындарының қалалық ПИК алдындағы жалпы қарызы 256 миллион теңгені құрайды. Бұл – тұрғындардың 2001 жылдан бері жиналып қалған борышы екен. 2018 жылы «Қайрат» кооперативі төлем жасаудан жалтарғандардың үстінен сотқа 300 шағым түсіріп, барлық арыз бойынша жеңіске жетіп, тұрғындардан он екі миллион теңге өндіріп алған. Бұл қаражат аумақты абаттандыруға жұмсалды дейді мамандар.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close