Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Ашық әңгіме алаңында әке мен бала тақырыбы

Бүгін Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі «Қазақ филологиясы» кафедрасы жанынан құрылған «Жасын» әдеби-шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен ашық әңгіме алаңында «Әкелер мен балалар» тақырыбы талқыланды, – деп хабарлайды «Ақпарақ» АА.

Ұрпақтар сабақтастығының өзегін жоғалтпау, үлкендер мен жастар арасындағы байланыстың әлсіреуіне жол бермеу, ортақ проблемалардан шығудың жолдарын қарастыру мақсатында өткен жиынға үлкен, орта, кіші буынмен қатар студенттер де шақыртылды. Іс-шара барысында жиырмаға жуық жас ақынның өлеңдері латын графикасымен жарық көрген «Жастықтың оты – жасын жыр» атты жинақ таныстырылып, жаңа кітаптың тұсауын ТарМПУ ректоры, э.ғ.д., профессор Ержан Әмірбекұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, жазушы, драматург Елен Әлімжан мен ТарМПУ «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі Тұрсынай Әбдіқадырова кесті.

Ашық әңгіме алаңында қонақтар өз ойымен бөлісіп, «Жасындық» жас ақындар мен белсенді студенттер өнерін ортаға салды. Жиын соңында кештің өтуіне мұрындық болған «Жасын» әдеби шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Сейсекүл Исматова сөз сөйлеп, ықылым заманнан бері үзілмей келе жатқан әке мен бала арақатынасының мән-маңызына тоқталып, қазақтың әр отбасында Абай мен Құнанбайдың арасындағыдай өнегелі тәрбие болса деген тілегін жеткізе келе қонақтарға алғысын айтты.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close