
Жуырда Жамбыл облысы Жуалы ауданында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ардагер ұстаз, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиевпен кездесу өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.
«Өз өлкеңді тани біл» тақырыбымен аудандық орталық кітапхананың Коворкинг орталығында өткен жиында кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда «Жуалы өлкесіндегі жер-су атауларының этимологиясы», «Ұстаз ғибраты», «Жуалы – батырлар мекені», «Күзгі шуақ» сынды кітаптар қойылды. Кездесу барысында Жуалы ауданының тарихын зерттеуде ерекше еңбек етіп жүрген кеш қонағы – Дәулетжан Байдалиев Жуалы өлкесінің тарихы туралы және Теріс ауылында табылған көне қала Баркуаб жайлы қызықты да танымды деректерді келтіре отырып, айтып өтті. Осылайша, танымдық тұрғыда ұйымдастырылған іс-шара өз мәресіне жетіп, қатысушылар ризашылықпен тарқасты.

Жалпы, Жуалы ауданына қарасты Теріс ауылының іргесінен ІХ-ХІІ ғасырларға жататын ежелгі Баркуаб қаласының орны табылғаны туралы бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары жазған болатын. Алғашқыда көне қала орнына археологтер барлау жұмыстарын жүргізіп, соның нәтижесінде орта ғасырларда ірі сауда орталығы болған қала орнынан Қытайдан әкелінген қыш ыдыстар мен басқа да құнды жәдігерлер табылған екен. Жалпы, Баркуаб қаласын кезінде Жетісу археологиялық экспедициясының жетекшісі А.Бернштам зерттеген. Сонымен қатар Каллаур өз еңбектерінде бұл жерді Иркут деп атапты. Араб тілінен аударғанда көне қаланың екі атауы да Теріс деген мағынаны береді екен. Бүгінгі таңда көне Баркуаб қаласының орнынан табылған біздің дәуірімізге дейінгі ІІ және І ғасырларға тиесілі заттар ғалымдардың қызығушылығын тудыруда. Мамандардың айтуынша, орта ғасырлық Баркуаб қалашығының астында біздің дәуірімізге дейінгі ІІ және І ғасырлардағы қала жұрты болуы да мүмкін екен.