Басты бетЖаңалықтарМәдениетҚоғамӘлеумет

Қарты бар ел – қазыналы ел

Бүгін Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы ауылындағы Мәдениет үйінде қариялар арасында «Қарты бар ел – қазыналы ел» атты аудандық байқау өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі мен ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен байқауға аудан қариялары қатысып, өзара бақ сынады. 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай ұйымдастырылған аудандық қариялар байқауы басталар алдында аудан әкімінің орынбасары А.Жабағы сөз сөйлеп, қарияларды мерекелерімен құттықтады. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Аманбеков те өз кезегінде ардагерлерді қарттар күнімен құттықтай келе, ізгі тілегін жеткізіп, байқауда сәттілік тіледі.

Жалпы, баталы сөз айтып, ұрпақ тәрбиесіне қатысты ақыл-кеңес, өсиет беруде көнекөз қариялардың ролі орасан зор екені белгілі. Сондықтан қарияларға құрмет көрсетіп, осындай көңілді кештерді ұйымдастырудың артықшылығы басым. Бұл жолы да Жуалы ауданында өткен қариялар арасындағы байқау, тек сайыс қана емес, сондай-ақ, ардагерлеріміздің көңілін көтеру, құрмет көрсету, сый жасау мақсатындағы қадам деп білеміз. Ал оның жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған ұйымдастырушылардың еңбегі ерен. Мәселен, үнемі игі істің басы-қасында жүретін аудандық Жастар орталығының жұмысы елеулі-ақ. Және мұндай кештерді өткізуге Жуалы аудандық мәдениет үйінің де үлесі аз емес. Бұл жолы да жақсы кештің куәсі болғандаймыз. Себебі, байқауға қатысқан 13 ақсақалдың арасындағы дода тартысты өтіп қана қоймай, қатысушылармен қатар жиылған жұрттың да көкейінде жақсы естеліктерімен сақталғанына күмән жоқ. Ал бар өнерін ортаға салған қариялар байқау қорытындысы бойынша марапатталып, сый-сияпатын алды.

Осылайша, Б.Момышұлы ауылынан қатысқан Д.Байдалиев бас жүлдені жеңіп алса, бірінші орынды Қошқарата ауылдық округінен А.Шопанбаев, екінші орынды М.Байболов, үшінші орынды Шақпақ ауылдық округінен келген Ә.Болысбаев иеленді. Сонымен қатар, М.Қуанышбеков «Батагөй қария» номинациясымен, Ә.Науатбеков «Өнегелі қария» номинациясымен марапатталды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close