Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Жылыту маусымына әзірлік мәселесі талқыланды

Жуырда Тараз қаласы әкімдігінің мәжіліс залында отын-энергетика кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, бюджеттік нысандарды 2019-2020 жылдардағы жылыту маусымына дайындау жөніндегі штаб отырысы өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Жылыту маусымына дайындық мәселесі кеңінен талқыланған жиынға штаб мүшелерінен бөлек қала әкімдігінің бөлім басшылары, бас инспекторлар, отын-энергетика кешені кәсіпорын басшылары, Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мамандары, Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері, «Жасыл Ел-Тараз», «Коммуналдық қызмет көрсету есеп орталығы», «ТаразРегионГазСервис», «РемонтГазовыхПриборов», «ТаразГазСервис» ЖШС, «Қауіпсіздік ВДС» РМК, ПИК төрағалары, үй ағалары қатысып, тақырыпқа қатысты мәселелерді ортаға салды.

– Мердігер компания берген ресми мәлімдеме бойынша құбырлар 15 қазанға дейін дайын болады. Жылу маусымы уақытында басталады. Қалада 837 үй ыстық су жүйесімен қамтылған. Ыстық су жүйесіне қосу жоспарланған 695 үйдің 683-і ыстық сумен қамтамасыз етілді. Қалған 12 үй бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуіне, ақаулар орын алуына байланысты ыстық су уақытша тоқтатылып отыр, – деді штаб басшысы Бейсенбек Жанбосынов. Дегенмен көппәтерлі тұрғын үйлердегі коммуналдық қызмет сапасына айтылатын сын аз емес. Жиынға қатысқан тұрғындардың сөзіне сенсек, газ құбырларының сапасы нашар, кей үйлердің кіреберістерінде көгілдір отынның исі сезіледі. Ал ПИК тек ай сайынғы төлемдерді жинаумен ғана шектеледі. Тексеру жұмыстары тыңғылықты жүргізілмейді екен. Көгілдір отынның пәтерлерге қауіпсіз жағдайда жеткізілуіне жауапты «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесінің мамандары қарызын өтемеген үйлерге қызметкерлер тексеріс жүргізу үшін арнайы бармайтынын айтады. Ал газ бен ыстық судың жеткізілуіне қатысты мәселелердің күрмеуін бір мезгілде шешу мүмкін емес. Барлығы кезең-кезеңімен іске асады дейді штаб отырысына қатысқан сала мамандары. Бұдан бөлек, жиында тазалық пен абаттандыру жұмыстарына бағытталған күзгі екі айлықтың жұмыс барысы талқыланды. Екі айлық шеңберінде 3 сенбілік өткізіліп, жалпы 21 915 адам қатысқан. Сенбіліктер барысында 34 бірлік жүк көлігі жұмылдырылып, 535 тонна қоқыс шығарылып, 17 шақырым арық жүйелері тазаланған.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close