Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Тараз қаласының әкімі тұрғындармен кездесті

Жергілікті атқарушы органдардың жұмыс алгоритміне сәйкес Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев «Химпоселок», «Төрткүл», «Жігер», «Рассвет» шағын аудандарының тұрғындарымен кездесулер өткізді, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында тұрғындар қала әкіміне өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, аумақтағы қордаланған мәселелерді көтерді. Мәселен, тұрғын үйді жаңғыртудың бағдарламасы бойынша Рысбек батыр көшесі №9 көпқабатты тұрғын үйдің шатырын жөндеу жұмыстарына алаңдаған тұрғындар қала әкімінен көмектесуін сұрады. Өз кезегінде қала әкімі Қайрат Әскербекұлы бұл мәселе туралы әлеуметтік желілерден оқып-біліп, танысып, бақылауда ұстап отырғанын айта келе бүгінгі күнге мердігер қажетті шатыр жабындысын тікелей зауыттан алып келу үшін Теміртау қаласына көліктерін жібергендігін жеткізді.

Кездесу барысында бұдан өзге мәселелер де талқыланды. Сондай-ақ, жиын кезінде қала басшысы айтылған кейбір мәселер бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырмалар беріп, міндеттемелер жүктеді. Мәселен, «Төрткүл» алқабына электр жарығын, жаяу жүргіншілер жолын салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеуді тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандарына тапсырды. Сонымен қатар «Ауыл береке» базарынан шығарылған күл-қоқысты өртеушілерге, сол маңдағы цемент зауытының ауаны ластауына байланысты пәрменді шаралар қолдану үшін облыстық экология басқармасына хат жолдау және жергілікті полиция қызметкеріне айыппұлдар салу туралы тапсырма берді. Тұрғындардың жолаушылар көлігінің жұмысына байланысты өтінішін тасымалдаушы мекемелермен арнайы кездесіп, шешуге уәде берді. Осылайша, бұл кездесулер – көкейдегі көтеріліп, маңызды мәселелердің түйіні тарқатылған жиын болды. Халықтың пікірі мен ұсыныс-тілегіне құлақ түрген қала әкімі қолдан келген шаруада аянып қалмайтынын жеткізді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close