Басты бетЖаңалықтарСаясатҚоғам

«Цифрлық Қазақстан» 4 бағыт бойынша жүзеге асуда

          Таразда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4 негізгі бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

          Осы бағыттардың бірі «Open-Akimat» форматында, бір мезетте түрлі мәселелердің шешіміне «бір терезе» қағидасымен сапалы қызмет көрсету мақсатында  қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімдері Жүнісалиев көшесі, №1 мекенжайға орналасып, жұмыстарын бастады. Сондай-ақ, жуырда «Жәрдем»-109 бірыңғай диспетчерлік коммуналдық қызметі орталығы ашылған болатын. Ал білім саласы бойынша №41 мектеп гимназиясында оқушылардың сабаққа келу және үйлеріне қайту мерзімдерін тіркеп отыратын «қауіпсіз мектеп» жобасы енгізілді, 16 мектепте бейнебақылау жүйесі жаңартылды. Қаладағы 41 мектепте Wi-Fi сымсыз ғаламтор желісі орнатылса, 5 мектеп робототехника кабинеттерімен қамтылды. Бұдан бөлек, облыс орталығында республикалық деңгейде алдыңғы қатарда саналатын «Тараз-Hab» IT-мекемесі 4 мектепке IT кабинетін жабдықтау жұмыстарын бастады. Жыл соңына дейін орта мектептерде 10 робототехника сыныбы ашылады деп жоспарланып отыр екен.

          Сонымен қатар, Назарбаев зияткерлік мектебінде информатика пәнінің мұғалімдерін бағдарламалау,  робототехника,  3D модельдеу бойынша оқыту және кәсіби дамыту, мектептерді компьютермен және мультимедиялық техникамен жабдықтау, мектепке дейінгі білім мекемелеріне кезекке қою мен жолдама беру қызметін автоматтандыруды іске асыру,  фото және бейнежазу жүйесін және мектеп асханаларында қолма-қол ақшасыз төлем  жүйесін енгізу, виртуалды және толықтырылған шындық зертханасын ашу, 2019-2020 оқу жылдарында 4-сыныпқа «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негіздері» пәнін енгізу жоспарлануда.

          Сондай-ақ, бизнеске қолайлы жағдай жасау мақсатында «Е-архитектура» жүйесін қалыптастыру жолымен электронды картасын жүйелендіру басталады. Ал көлік саласын цифрландыру бағытына келер болсақ, бұл бойынша қаладағы жолаушылар маршруттарының қозғалыс кестелерінің және жылдамдық режимдерінің сақталуы үнемі қадағаланып отыратын online режимінде GPS-навигациялау taraz-bus.kz сайты жетілдірілді. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 43 бағыттағы 670 қоғамдық көлікке электронды билеттендіру құрылғысын енгізу жұмыстары басталып, 2020 жылы аяқталатын болады. Міне, осылайша «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Тараз қаласында да сәтті жүзеге асуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close