Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде

Көше жарықтандыру мәселесі қай кезде де өзекті екені белгілі. Сондықтан да бұл бағытта нендей жұмыстар атқарылып жатқаны жергілікті жұрт үшін аса маңызды. Ендеше, Тараз қаласында биылғы жылдың сегіз айында қандай жұмыстар жүргізілді деген сауалға жауап іздеп көрсек.

Жалпы, қаладағы көшелерді жарықтандыру және электр желілеріне қызмет көрсетуге қатысты салаға биылға 605,8 млн. теңге қарастырылған екен. Ал көшелерді жарықтандыру бойынша ағымдағы жылы 2 даңғыл мен 27 көшеде темір бетон бағаналарды металдық бағаналарға ауыстыру, светодиодтық шамдарын орнату және кабелдерді жер астымен жүргізу жұмыстары атқарылады деп жоспарланса керек. Бұдан бөлек, қаланың 99 қиылысындағы жол белгілері мен бағдаршамдардың бағаналарын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағаналарда қосымша уақытты кері есептегіш және көше атауларын бағыттайтын белгілер орнатылуда. Қаладағы жарықтандырылған көшелердің жалпы саны – 170, бұрылыстар – 50, мөлтек аудандар – 13, тұрғын алқаптар – 5, жалпы ұзындығы – 476,82 шақырымды құрайды. Қаладағы көлік кептелісін азайту және көлік қозғалысын ыңғайландыру мақсатында техникалық қадағалау инспекциясының қызметкерлерімен бірлесе, қаладағы бірнеше көшенің қиылыстарындағы бағдаршамдар уақытша өшіріліп, нәтижесі зерделенуде, атап айтқанда: Сүлейменов – Жалаири, Сүлейменов – Крупская, Балуан Шолақ – М.Мәметова, Абай – Сухамбаев, Сухамбаев – №5 орта мектеп алдындағы бағдаршам, Жамбыл-Сенкібай, Төле би – «Хром зауыт» аялдамасы алдындағы бағдаршамдар. Сондай-ақ, Абай даңғылы мен Петров көшесінің қиылысы маңындағы бағдаршам алынып тасталды.

          Тараз қаласындағы 10 көше қиылыстарында «ақылды бағдаршам» көлік қозғалысын интеллектуалды басқару жүйесі енгізілген. Оның ішінде Төле би даңғылы мен Әл-Фараби көшесінің қиылысы; Жібек жолы көшесі мен Самарқанд көшесінің қиылысы;  Жібек жолы көшесі мен Балуан Шолақ көшесінің қиылысы;  Тәуке хан көшесі мен Саңырақ батыр көшесінің қиылысы; Жамбыл даңғылы мен Көшеней көшесінің қиылысы; Төле би даңғылы мен Аққозиев көшесінің қиылысы; Абай даңғылы  мен Ташкент көшесінің қиылысы, Жамбыл даңғылы мен Сәтпаев көшесінің қиылысы; Жамбыл даңғылы мен Ниетқалиев көшесінің қиылысы және Жамбыл даңғылы мен Сүлейменов көшесінің қиылысы бар.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close