Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Таразда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған шара өтті

Жуырда Тараз қаласындағы «Төрткүл» мəдени орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған іс-шара өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

«Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен «Шамшырақ-Тараз» мүгедектердің қоғамдық бірлестігі үкіметтік емес ұйымы бірлесе отырып, облыстық халық шығармашылығы орталығының қолдауымен өткен шарада Кенен Əзірбаев атындағы облыстық филормонияның əншілері өнер көрсетіп, əннен шашу шашты.

Сондай-ақ, шарада байрақты бəсекелерде облысымыздың һəм республикамыздың абыройын асқақтатқан Ақжүрек Таңатаров, Марат Мəзімбаев, Өмірəлі Нышан секілді бірқатар спортшылар сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.

Олар өз сөздерінде мүмкіндігі шектеулі балалардың тағдырдың тезіне мойымай, сынақтан сынбауына тілекші екендерін жеткізіп, елдің ертеңіндей енді-енді өсіп келе жатқан барлық балаларды спортпен шұғылдануға шақырды. Жасөспірімдердің арасынан да сахнаға шығып, өз өнерін паш еткендер болды. Осылайша, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған іс-шара жоғары деңгейде өтті.

Жалпы, іс-шараның мақсаты – қоғамның назарын ерекше көңіл бөлуді қажет ететін мүгедек балалардың мәселелеріне аударту, сонымен қатар, оларға барынша көмек көрсету. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандар әсіресе балалар қоғамға бейімделу үшін осындай шаралар жиі ұйымдастырылып отыруы қажет. Себебі, мұндай жиындарда олар өздерімен қатарлас оқушылармен танысып, жаңа достар табуға мүмкіндік алады. Мемлекет тарапынан да мүмкіндігі шектеулі балаларға барлық жағдай жасалып жатқаны белгілі. Міне, осындай қамқорлықты сезінген ата-аналар қауымы да «Төрткүл» секілді тарихи-мəдени орынға шара ұйымдастырып, балаларының бір сəт көңіл күйінің көтерілуіне ықпал етіп жатқан барша ұйымдастырушыларға алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close