Басты бетСаясатҚоғам

Ел бірлігі – оның әралуандығында

Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретінде рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

Сонымен қатар ҚР Президенті этносаралық бірлік туралы: «Біздің ұстанымымыз: «Ел бірлігі – оның әралуандығында!» деп мәлімдеді.
Жылдың маңызды құжаты- Жолдауды қасиетті Жуалы жерінде тіршілік етіп, тату-тәтті өмір сүріп отырған барлық этномәдени бірлестіктердің өкілдері жоғары ықыласпен қабылдап, қолдауда.
24 жыл бұрын 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясымен қатар құрылған Жуалы өңіріндегі төрт орталық: славян, шешен, өзбек және әзірбайжан этномәдени бірлестіктері тынбай, тиянақты достық пен бейбітшілік, келісім мен ынтымақты насихаттап, халық арасында ұлтаралық татулық пен толерантты береке-бірлікті сақтап келеді. Олар ауданда тұрып жатқан 15-тен аса ұлт өкілдерімен тату-тәтті, сыйласып, ауызбіршілікпен өмір кешіп жатыр.
Этнобірлестіктің мақсаты – қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени саласын одан әрі дамытуға, бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде республикадағы этносаралық келісімді қамтамасыз ету. Ол үшін қоғамда жағдай жасап, ел бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді қолдау және дамыту болып табылады.Сондай-ақ, әр орталық өз ұлттық мәдениеті, дәстүрі мен салтын, тілін одан ары да дамыта отырып, өзге ұлттардың мәдениеті мен салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тілін құрметтеу үшін барлық жағдай жасаудамыз.
Ауданның ұлттық орталықтарының қолдауымен республикада 1 наурыз күні өтетін Алғыс айту күні ерекше өтеді деуге болады. Өйткені ол күні бізбен бірге көрші тұратын жергілікті ұлт өкілдеріне «Рақмет!» айту біз үшін үлкен мәртебе. Қазақ халқы өзіне қиын кезеңдерде басқа ұлттарды қабылдап, оларға көмек беріп, өмірлерін сақтап қалды, сол кезде ата-аналарымызға, бабаларымызға көрсетілген құрмет үшін алғыс айтуға біз – солардың ұрпақтары міндеттіміз. Сондай-ақ, Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосқан өзге ұлт өкілдеріне де рақмет айтуымыз керек. Өйткені, Қазақстан – біздің Отанымыз, біз мұнда бір отбасының баласындай тұрып жатырмыз, ұл-қыздарымыз өсіп-өніп, ұрпақтарымыз бақытты өмір кешуде. Кең-байтақ елімізде тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан әрбір азамат мұны терең түсінуі керек.
Оған дәлел, жыл сайын облыстық Қазақстан халқы кіші Ассамблеясының ұйымдастыруымен Таразда, Нұр-Сұлтанда және еліміздің басқа да қалаларында өтіп жатқан кездесулер, Ассамблеяның сессиясы, форумдарға қатысып, көптеген жақсы адамдармен кездесіп, жағымды жаңалықтарымызбен бөлісіп тұрамыз.
Ұлттық этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен 2018 жылы Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында 34, ал үстіміздегі жылдың тоғыз айында 16 түрлі іс-шаралар өтті. Соның ішінде түрлі ән-би фестивальдары, «Ассамбеяның мисі», мемлекеттік мерекелер барысында ұлттық тағамдар мен киімдер және тұрмыстық көне бұйымдардың көрмелері ауыл тұрғындары арасында ерекше қызығушылық тудырды. Сондай-ақ, ондай кездесулер кезінде әр ұлт өзінің мәдениеті, салт-дәстүрі және әдет-ғұрпымен таныстырып, тілін де насихаттайды. Бұл өте жақсы дәстүр.
Бүгінде біз 100-ден аса этнос және 17 конфессия өкілдері татулық пен келісімде өмір сүріп жатқан бірегей елміз. Еліміздің өсіп-өркендеуіне, дамып одан әрі гүлденуіне, жастарымыздың жарқын келешегі үшін аянбай еңбек етіп, тер төгіп келеміз. Сондықтан да достығымыз нығайып, тұрақтылығымыз берік болсын!
Біздің ортақ үйіміз – тәуелсіз Қазақстанымыз бай-қуатты болсын, достық пен бейбітшілік әрдайым жасасын!

Судаба Металимова,
аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығының» төрт этномәдени бірлестік жұмысын
үйлестіруші маманы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close