Басты бетЖаңалықтарСпорт

Жайылмада жарыс өтті

Қазан айының 3-5 күндері Жамбыл облысы Сарысу ауданында қазақ күресінен 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер арасында VI республикалық турнир өтті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

 «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан» газеттерінің жартылай ауыр салмақтағы жеңімпазы Бөрібек Тоғызақбайұлын еске алуға арналған жарысқа 5 облыс, 10 ауданнан 174 жасөспірім палуан қатысты. Жайылма ауылындағы Бөрібек Тоғызақбаев атындағы спорт мектебінде өткен дүбірлі шараға аудан әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы, аудандық мәслихат хатшысы Сағымбек Арыстанұлы, аудандық мәслихат депутаты Болатбек Дондаұлы, ҚР Президентінің «Парыз» сыйлығының иегері Жеңіс Бөрібекұлы қатысты.

Турнирді аудандық мәслихат хатшысы Сағымбек Арыстанұлы сөз сөйлеп, ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Осылайша, қызықты да тартысты өткен байрақты бәсекеде спортшылар түрлі салмақ дәрежесінде өз бақтарын сынады. Жарыс қорытындысы бойынша 35 келі салмақта Шу ауданының спортшысы Е.Сағымбек, 38 келі салмақта шымкенттік М.Алиев, 42 келі салмақта Түркістан облысынан келген А.Бердіқұлов, 46 келі салмақта Түркістан облысынан келген И.Қожамбек, 50 келіде де Түркістан облысының палуаны Қ.Кемелхан, 55 келі салмақта шымкенттік Б.Оралбай, 60 келі салмақта тараздық Ж.Жоспар, 66 келі салмақта Созақ ауданынан келген Ж.Ақаш, 73 келі салмақта Түркістан облысының тумасы А.Махаматов, 73+ келі салмақта Жайылма ауылының палуаны Н.Жұмабек бірінші орынды қанжығаларына байлады. Республикалық турнирдің жеңімпаздары аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің медальдарымен, грамоталарымен және Жеңіс Тоғызақбаевтың арнайы дайындаған бағалы сыйлығымен марапатталды.

Жасөспірімдер арасында өткен турнирден кейін ересектер арасында «Жайылма барысы» түйе палуан өткізілді. Түйе палуан белдесуіне Жайылма ауылынан 10 палуан қатысып, бірінші орынды Нұр Аманшүкіров, екінші орынды Нұрболат Мырзанов, үшінші орынды Арман Аманшүкіров жеңіп алды. Бас жүлдеге мотоцикл, теледидар және қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

Жалпы, бүгінде елімізде спорт саласына ерекше көңіл бөлінуде. Бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттау шаралары өз алдына, спортшыларды шыңдау мақсатында түрлі жарыстар да жиі ұйымдастырылуда. Жайылма ауылында өткен турнир соның бір дәлелі деуге болады. Бөрібек Тоғызақбаев атындағы қазақ күресінен турнир жыл сайын өтіп келеді. Бұл жолы да жас спортшыларды үлкен жетістіктерге ұмтылдыру мақсатында ұйымдастырылған турнир жоғары деңгейде өтті.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close