Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

ХАЛҚЫНА ЖАҚЫН ӘКІМ: Қайрат Досаевты қала тұрғындары кездесуге шақырды

Әкім халыққа жақын болуы керек деп қанша айтқанымызбен, өмірде олай бола бермейтінін көз көріп жүр. Сондықтан болар әкім ауысып жатса да елең етпейтін болып алғанбыз. Десек те, «уақыт – төреші» демекші, басшы іскер, қарапайым болса халқының ықыласына бөленері анық. Оған, тіпті, көп уақыттың да қажеті жоқ.

Мәселен, жақында Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаевты көпқабатты үйлердің бірінде тұратын Е.Тян деген кісі өз ауласына шақырды. Яғни, өзі тұратын «Алатау» (8) мөлтекауданына келіп, жергілікті тұрғындардың ұсыныс-тілегін тыңдаса деген өтінішін білдірген болатын. Шынын айту керек, «әкімнің қабылдауына кіру қылкөпірден өтумен тең» деген мағынадағы сөздерді жиі естіп жатамыз. Ал кездесуге шақыру және оны әкімнің қабыл алуы жаңалық болмаса да сүйсінерлік-ақ жағдай. Қайрат Досаев та көп күттірмеді, шақыруды қабыл алып, сол мөлтекаудандағы 42, 44 көпқабатты үйлердің тұрғындарымен кездесіп, өтініштерін тыңдады. Тұрғындар қала әкімінен өздерінің ауласына балалар ойын алаңшасын, жаяу жүргіншілер жолын салып беруді, есік алдына орындықтар мен урналар орнатуды, ескі қураған талдарды кесіп, алып тастауды сұрады. Сонымен қатар, бірі үй алудың жолдарын сұрастырса, енді бірі атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай отырғанын жеткізді. Қала әкімі үй алудың жолын, оның ішінде «Бақытты отбасы», «7-20-25» бағдарламаларын, атаулы әлеуметтік көмекті қалай алуға болатынын түсіндіріп берді. Жалпы, барлық сұрақтар мен көтерілген мәселелер бойынша тиісті сала мамандарына тапсырма беріп, орындалуын баяндауды тапсырды.

Жалпы, Қайрат Досаев Тараз қаласына әкім болғалы көп уақыт өте қойған жоқ. Алайда осы аз уақыттың ішінде қаланың көптеген жерлерін аралап, жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-тілегін тыңдап қана қоймай, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға кірісіп үлгерді. Естеріңізде болса, шаһар басшысы «Талас» ықшамауданындағы үйлердің тұрғындарымен кездесіп, сол жерге жиналған кісілердің өтініші бойынша, ең алдымен, аулаға балалар ойын алаңын салуды тапсырған болатын. Сондай-ақ «Қарасу» (5) ықшамауданында да балалар ойын алаңшасын ретке келтіруге уәде беріп, бұл кезде де көп күттірмеді. «Балауса» аула клубының алдында («Қарасу» ықшамауданы, №24 үй) «STREET WORKOUT» алаңшасы, Wi-Fi зонасы, шағын кинозалы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, осы ықшамаудандағы біз көрген көпқабатты үйлердің барлығының алдындағы балаларға арналған ойын алаңшалары жаңартылып, сырланып, жөнделіп, ретке келтірілген болатын. Бұл, қала әкімінің уәдеге берік, іске тиянақты екенін білдірсе керек.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close