Басты бетЖаңалықтарЭкономикаҚоғам

Кооператив – береке бастауы

Жуырда Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков Теріс аймағындағы шаруа қожалықтардың басшыларымен кездесті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Көкбастау ауылдық округінің Бақалы ауылдық клубында өткен кездесуге аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Үркімбаев, аудан әкімдігінің бірқатар бөлім басшылары мен мамандары және жергілікті тұрғындар қатысты.
Жиында аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Сәбит Нұрлыбаев ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Бірқатар мәліметтерді келтіріп, кемшіліктерді де айтып өткен бөлім басшысы Көкбастау ауылдық округінде 39 мүшесі бар бір кооператив, Нұрлыкент ауылдық округінде 58 мүшесі бар бір кооператив құрылғанын жеткізді.

Бұдан бөлек жиында аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Қалдыбай Сұлтанов эпизоотиялық жағдайға байланысты түсініктеме беріп өтсе, аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Үркімбаев облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» жобасын іске асыруға қатысты дайындық шаралары жүріп жатқанын айтты. Бұл туралы аудан әкімі Нарбай Ергебеков те сөз қозғап, жоба әзірге тек Жамбыл облысында ғана іске асырылып жатқанын, оның мақсаты ауылдық жерлерде жұмыссыз жүрген тұрғындарды жұмысқа тартып, олардың әл-ауқатын көтеру екенін жеткізді. Жиында, сондай-ақ, жоба бойынша тұрғындар 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алатыны, ал кооператив тұрғындардың жерін өңдеп, тұқымын сеуіп, кейін жинаған өнімін сатып алып, өткізетіні, сондықтан тұрғындардың кооперативке бірігуі маңызды екені айтылды.

Кездесу барысында шаруалар қойған сұрақтарға ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария бөлімдерінің басшылары мен мамандары жауап берді. Ал аудан әкімі ауылдық округте қордаланған мәселелерді тілге тиек етіп, жерлерді заңдастыру, малдарды бірдейлендіру керектігін еске салды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close