Басты бетЖаңалықтарМәдениетҚоғамӘлеумет

Тату елге тоқшылық нәсіп

Жақында Жуалы ауданы Көкбастау ауылдық округіне қарасты Көктөбе мен Қосбөлтек ауылдарының 1980-1998 жылдары аралығында туған ауыл азаматтары қаржы жинап, ата-бабаларының, сонымен бірге бақилық болған бауырларының, құрбы-құрдастарының рухын ұлықтап құдайы тамақ таратты. Онда ауылдық ескі мешіттің ауласына дастарқан жайылып, әруақтарға бағышталып Құран оқылды. Сауапты іске куә болған әрі жастардың ауызбіршілігіне сүйсінген қариялар ақ баталарын беріп, болашақта да осындай игілікті істің жалғасын табуына шын жүректен тілектестігін білдірді.
Сауапты іс мұнымен ғана шектелген жоқ. Кейде осындай жақсы-қайырымды істердің жалғасып кете беретіні бар. Ауыл жастары ұлттық спортымыз – көкпардан да жарыс өткізуді ұйғарған екен. Сонымен жиналған жұртшылық құдайы тамақтан соң ауыл сыртындағы көкпар алаңына қарай ағылды. Сауапты істің басы-қасында жүрген азаматтардың айтуы бойынша, 200 мың теңге тек қана көкпардың салымына тігілген.
Ат ойындары десе, әсіресе, бәйге, көкпар дегенде қаны қызып, делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар?! Бұл көкпарға да ауданға қарасты алыс ауылдардан шабандоздар ат терлетіп келген екен. Көкпаршылар арысы Ақтасты ауылынан, бері қарай Көлтоған, Күреңбел, Қарасаз, Ақбастау, Көлбастау, Түктібай, Сұрым, Б.Момышұлы ауылдарынан келіпті. Олардың арасында ауданға, облысқа белгілі Нұржігіт Әбдірақов, Мұрат Әтеев, Мұхамеджан Сәрсенбаев сынды шабандоздардың бар екенін айтуға тиіспіз. Білекті де жүректі жігіттердің ойыны саналатын бұл додаға жерлесіміз, бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ел чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы Әбілхан Аманқұлдың да келіп қатысқаны ауыл тұрғындарының мерейін бір өсіріп тастады.
Дала төсін дүбірге бөлеген көкпар бәсекесі түс ауа басталып, қас қарайғанша жалғасты. Осында болатын дүбірді естіп ауылдардан келген сайдың тасындай жігіттер көкпар бәсекесін барынша қыздырып, қызықтыра түсті.
Көкпар ойыны басталар тұста оған тартылатын серкені бауыздамас бұрын ауыл қариясы Ақыл Бейсенбаев бата беріп, жиналғандарға жақсы тілегін арнады. Көкпар бәсекесі ә-дегеннен-ақ қызып сала берді. Доданың аты – дода. Мұнда тек мықты жігіттер ғана серкені қалың доданың арасынан алып шыға алмақ. Көкпарды білекті де жүректі жігіттердің ойыны дейтініміз сондықтан. Осынау көкпар бәсекесінде Нұржігіт Әбдірақов, Мұрат Әтеев, Әбілхан Аманқұл сынды құрыш білекті балуан жігіттердің айы оңынан туып, олар өз кезегінде бірқатар салымға қол жеткізді. Одан басқа да шабандоздар ат дүбірлетіп, көкпар бәсекесін қыздыра түсті. Салым салған көкпаршыларға арнайы белгіленген салымдар беріліп жатты. Айта кету керек, көкпар барысында өз ата-бабаларының әруағына атап, салым тіккен ауыл азаматтарының қарасы мол болды. Мұны тірілердің әруақтарға жасаған құрметі деп білген жөн сияқты.
«Өлі ырза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар халқымызда. Ауыл азаматтарының ақылдаса келіп, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруы» көпті көрген аға буынды бек қуантатыны белгілі. Көкпар ойынының барысында ауылдың аға буыны саналатын азаматтары Байұзақ Серкебаев, Нышанхан Сапиров, Айтбай Башаров және Ақбастау ауылынан арнайы келген Ақан қария ұлттық болмысымыз жөнінде, ауызбіршілік пен ынтымақ жөнінде көшелі пікірлерін айтып, жастарға жылы тілектерін жеткізді.

Нұржан Манасұлы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close