Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Ауыл ахуалымен танысты

Таяуда Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков жұмыс сапарымен Билікөл ауылдық округіне барды. Аудан басшысының жұмыс сапары округке қарасты Әбдіқадыр Жүргенұлы ауылынан басталды.

Онда Шоқан Уәлиханов атындағы №36 негізгі мектептің жұмысымен танысқан аудан басшысы қысқы жылыту маусымына дайындық барысын көргеннен кейін Жылыбұлақ ауылына барды. Онда Жылыбұлақ бастауыш мектебінің жұмысы, ауылдық медициналық пункттің, ауылдық клубтың жай-күйі назарға алынды. Сондай-ақ, аудан басшысы Дарбаза ауылында да болып, ауылдық медпункттің жұмысымен танысқаннан кейін ауылдық округтің орталығы Қарабастау ауылына барып, онда бірқатар әлеуметтік нысандар мен ауылдық мешіттің күнделікті жұмыстарын көрді. Сонымен қатар, Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепке салынып жатқан жылыту қазандығын көріп шыққан аудан әкімі мердігер компания басшыларына жұмысты сапалы әрі белгіленген уақытында аяқтауды тапсырды.
Аудан әкімінің Билікөл ауылдық округіне жасаған жұмыс сапары Қарабастау ауылындағы мәдениет үйінде қорытындыланып, онда бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Жиынды Нарбай Ергебеков ашып, басқосуды ашық әрі еркін форматта өткізуді ұсынды. Алғаш болып ауылдық округтің жаңадан сайланған әкімі Талғат Әмірәлиев ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Бұдан кейін аудан әкімі Нарбай Ергебеков сөз алып, бірқатар мәселелерді сөз етті.
Мәселен, ауданда ауыларалық жолдардың жөнделу үлесі жыл санап артып келе жатқанын тілге тиек еткен аудан әкімі ауылішілік жолдарды жөндеу мен көше жарықтандыру жұмыстары да қарқын алғанын жеткізді. Сондай-ақ, биылғы жылы аудан орталығынан шалғайда орналасқан ауылдарға магистральді газ құбырын тарту жұмыстары сәтті басталғанын және бұл жұмыстар екі жылдың көлемінде аяқталатынын айтты. Сонымен қатар, жиналғандарды облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» қанатқақты жобасына белсенді қатысуға шақырды. Жиын барысында аудан әкіміне сұрақтар қойылып, бірқатар өзекті мәселелер сөз етілді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close