Басты бетКәсіпкерлік және өнеркәсіпЭкономика

Кәсіпкерлерге қолдау көп

Таразда Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық дамыту басқармасының  жанындағы Әлеуетті инвесторларға қызмет көрсету орталығымен бірлесе «Қарапайым заттардың экономикасы» бағытын дамыту мақсатында бизнес-жобаларды іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында отандық кәсіпорындарға қолжетімді кредиттің айрықша шарттары мен тетіктері айқындалған. Оның ішінде бір бөлігі өңдеу өнеркәсібіне, бір бөлігі агро өнеркәсіп кешеніндегі өндіріс пен қайта өңдеуге бағытталмақ.  Жеңілдетілген несие бойынша екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлерге 7 жылға 15 пайызбен несие береді. Қайта өңдеу жобалары бойынша оның 7 пайызы «Даму» қоры арқылы субсидияланады, ал, агроөнеркәсіптік кешендегі өндіру бойынша оның 10 пайызы ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы субсидияланады. Сонда іс жүзінде кәсіпкерлер несиені 8 және 5 пайызбен өтейді.  Бір айта кетерлігі, аталған бағдарлама бойынша кредиттің ең жоғарғы сомасы шектелмеген. Бағдарлама бойынша халық  күнделікті тұтынатын 365-ке жуық тауарды өндіруге және көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Аталған тауарлардың қатарында костюм, көйлек, төсек жабындысы, шұлық, аяқ киім, кілем, үстел, орындық сынды тауарлар бар.

 Жалпы, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы қала әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін кәсіпкерлердің тізімін жолдаған болатын. Бүгінгі таңда сауалнама мен өзге де жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша кәсіпкерлік саласында 165 жоба «Атамекен» кәсіпкерлер ұлттық палатасына ұсынылып, оның ішінде 4 жоба мақұлданған. Олар: ЖК «Қылышбекова» мал өсіру,  ЖК «Кожабекова» тон тігу, ЖК «Жумабекова» балабақша ашу, «Мark of perfeсtion» макарон өндірісін шығару. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда 40 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Қалған 161 жобаны «Атамекен» кәсіпкерлер ұлттық палатасы тарапынан екінші деңгейлі банктерге ұсыну үшін зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, қалған жобалар кепілге қоятын мүліктің болмауы, экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің сай келмеуінен  және бір жобаның екі рет қайталануына байланысты кері қайтарылған.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close