Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Тараздан Мойынқұмға әуе тасымалы іске қосылады

Облыс орталығы – Тараз қаласы мен Мойынқұм ауданы арасында әуе тасымалы іске қосылады. Бұл туралы аймақ басшысы Асқар Мырзахметов ауданға арнайы барған жұмыс сапары барысында тұрғындардың тілегіне көңіл бөліп, жауаптыларға нақты тапсырмалар берген болатын.

Мойынқұм – облыс орталығынан ең шалғай орналасқан аудандардың бірі. Екі ортадағы жол қиындығы ары-бері қатынап жүрген жолаушылардың көптен көңілінде жүргені даусыз. Бұл мәселе енді оңынан шешілмек.
– Облыс әкімі А.Мырзахметовтің тапсырмасына сәйкес, өңірде шағын авиацияны дамыту қарастырылып отыр. Бүгінгі таңда облысымыздың орталығынан Мойынқұм және Төле би ауылдарына әуе бағыттарын ашу мүмкіндіктерін зерделеу, соның ішінде қажеттілікті анықтау, әуеайлақ салуға кететін шығын көлемін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков.
Айта кетейік, Мойынқұм ауылынан облыс орталығына бір кездері, яғни 1966-1990 жылдар аралығында күнделікті 2 рет «АН-2» және «ЯК-40» ұшақтарымен әуе тасымалы қызметі көрсетілген. Алайда нарықтық қатынастың өтпелі кезеңінде еліміздегі қаржылық қиындықтарға байланысты аталған әуе бағыттары жұмысын тоқтатты. Алдағы уақытта ол қайта жанданып, көптің тілегі орындалмақ. Әуе тасымалы іске қосылғанда екі арадағы автокөлікпен жүретін 4-5 сағаттық жол қысқарып, 1-1,5 сағатта жетуге мүмкіндік туады деп күтілуде. Бүгінде ауданда әуеайлақ салу үшін арнайы жер де белгіленіп қойған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close