Басты бетЖаңалықтарСпорт

Дені саудың тәні сау

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Дене шынықтыруды дамыту пирамидаға айналуы керек, оның шыңында жаңа чемпиондар пайда болады, ал оның негізінде бізде дені сау, белсенді жастар және сайып келгенде, күшті ұлт болады» деген болатын.

Елімізде мемлекеттік қызметшілердің қызметінің тиімділігін арттыру үшін олардың қатарына жан-жақты дамыған, білікті де алғыр жас кадрларды тарту қажет. «Дені саудың тәні сау» демекші, олар тек рухани ғана емес, сондай-ақ дене тәрбиесі жағынан да дамыған болуы қажет. Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібектен бастап мемлекеттік қызметшілердің басым көпшілігі спортпен ұдайы шұғылданады. Сонымен қатар, спорттың волейбол, күрес, дзюдо және т.б. көптеген түрлерімен күнделікті айналысу, дене тәрбиесімен шұғылдану сарысулық мемлекеттік қызметшілердің әдетіне айналған.

Жуырда Жамбыл ауданында Жамбыл облысының 80 жылдығына арналған мемлекеттік қызметшілер арасындағы кіші футболдан өткен ауданаралық ашық турнирге қатысқан Сарысу ауданының мемлекеттік қызметшілер командасы жүлделі үшінші орынды иеленуі осының бір дәлелі деуге де болатын шығар.

Жалпы, бұл турнирді өткізудің басты мақсаты – дене шынықтыру, спорт, белсенді демалыс, салауатты өмір салтына қажеттілікті қалыптастыру, ұжымшылдық, мақсаткерлік сезімдерін тәрбиелеу, бұқаралық спортқа баулу. Көп уақытын халыққа қызмет етуге арнайтын мемлекеттік қызметшілердің дене шынықтыру мен спортқа ден қойғаны құптарлық іс, әрине. Қоғамда спорт денсаулықты нығайтып қана қоймай, отансүйгіштік, адалдық, парасаттылық сынды адами қасиеттерді байытады деген түсінік де бар екені белгілі. Сол себепті де, «Спорт – денсаулық кепілі» демекші, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстану бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілердің басты ұстанымына айналып отыр.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close