Басты бетЖаңалықтарМәдениетРуханиятӘдебиет

Игілік ауылдық кітапханасы жеңіс тұғырында

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында кітапханашылар арасында тәжірибе алмасу мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Ауылдық кітапхана – жергілікті қоғамдастық орталығы» тақырыбында облыстық байқау өтіп, оған Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Игілік ауылдық кітапханасы қатысып, «Ай астындағы Кентавр» тақырыбында поэзия қонақжайы іс-шарасын өткізді.

Облыстық кітапхананың «Буккроссинг» залының төріне жерлесіміз төрт мәрте ҚР Президентінің стипендиаты және ҚР Президентінің Грантын иеленген, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік “Дарын” жастар сыйлығының лауреаты Маралтай Райымбекұлымен кездесу өтті.
Жазушы Несіпбек Дәутайұлы мен ақын Берік Жүніс келіп, Маралтайдың шығармашылығына тоқталды.
Поэзия қонақжайының құрметті қонақтарымен бірге «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі, Жамбыл облыстық Жазушылар одағы филиалының директоры Хамит Есаман, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, айтыскер ақын Есет Досалы, ақын, журналист Тұрсынбек Сұлтанбек қатысып отырды. Кітапхана меңгерушісі Ақмарал Бекбергенова «Жерлесіммен мақтанамын» онлайн байланыс арқылы алғашқы ұстазы Сақтаған Имбетованың, қалам тартып алғаш өлеңін арнаған сыныптасы Гүлбану Маханбетовалардың қызықты естеліктерін тыңдап, Маралтай Райымбекұлы ерекше бір толқып алды. «Бейне поэзия» бөлімінде слайд арқылы ауыл ақсақалы Зауалмахан Абзалбеков, 4 жасар Нұргүл Әбдіқадыр, Жандаулет Асхатұлы ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
«Көңіл көктемі» атты жыр эллегиясында жерлестері «Жез қоңырау» өлеңін Мағжан Сердалы, «Асанәлі Бағдат» поэмасын Ақбота Сәрсенбекова, «Игілік» өлеңін Нұржігіт Қырықбай нақышына келтіріп, мәнерлеп жатқа оқып берді. Ақынмен қауышу сәтінде Маралтай жалпы кітапхана деген рухани киелі ордаға, кітапханашы деген мамандық иелеріне деген алғысын білдірді. «Ауылдық кітапхана – жергілікті қоғамдастық орталығы» атты облыстық байқауда серпінді, креативті, заманауи ой-пікір мен жоғары кәсіби шеберлік көрсеткені үшін Игілік ауылдық кітапханасы бас жүлдені иеленіп, кітапхана жаңа үлгідегі моноблокты сыйға алды.

А.Жолмаханова, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close