Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Халық өтініші назарда

Жуырда «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанәділ Оспанов «Құмшағал» шағын ауданына барып, азаматтарды қабылдады. Жанәділ Оспановпен бірге халықпен кездесуге осы округтен сайланған депутат Жанар Бүркітбаева да барып, жергілікті тұрғындардың өтініш-тілектеріне құлақ түрді.

Кездесу барысында құмшағалдықтар көптеген мәселелерді көтерді. Солардың ішінде азаматтық алу туралы сұрақтарымен келгендер де болды. Мәселен, азаматтық ала алмай жүрмін деп өтініш айтып келген үш азаматтың ішінде Юлия Дудченко есімді көпбалалы ана көші-қон бөлімінен анасы туралы анықтама ала алмай жүргеніне көп уақыт болғанын айтты. «Бес баламның үшеуі мектепте оқиды. Үлкен қызым биыл 9-сыныпты аяқтап, аттестат алуы тиіс. Балаларым түгілі өзімнің де жеке төлқұжатым жоқ. Құжаттың жоқтығынан көптеген әлеуметтік көмектерден қағылып отырмын. Көші-қон бөлімінен анам туралы анықтама ала алмай жүргеніме де көп уақыт болды», – деді ол. Осы сұрақпен келген өзге азаматтардың да мәселесіне құлақ түрген Жанәділ Оспановжауапты сала мамандарына тұрғындардың құжаттарын зерделеуді тапсырды. Айтуларынша, азаматтық алудың да өз талабы бар екен. Барлық заңдылықтар сақталған тұста ғана аталмыш құжатқа қол жеткізуге болады.

Кездесуде Рысбек Жұмашев есімді азамат жергілікті жұрттың көкейінде көптеген жүрген ауыз су мәселесін көтерді. «Құмшағал бойынша ауыз су таңғы 07:00-де беріледі де, 23:00-де тоқтап қалады. Басқа уақыттарда да ауыз суға мұқтаж отбасылар көп қой. Осыны ескеріп, тұрғындарға ауыз суды тәулік бойы берілетіндей жағдай жасап берсеңіздер», – деді ол. Бұл туралы қабылдау жүргізген бас партия өкілдері бірден жауап беріп, бұдан былай ауыз су тәулік бойы берілетінін жеткізіп, көпшілікті жағымды жаңалықпен қуантты. Бұл күні өзге де мәселелер көтеріліп, барлығына нақты жауаптар берілді. Халықты алаңдатқан сауалдардың ішінде жаяу жүргіншілер жолы мен көшелерді жарықтандыру сынды мәселелер де болды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close