Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Қала әкімі тұрғындарды қабылдады

Жуырда Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының мәжіліс залында жергілікті тұрғындарды қабылдады, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

         Бұл жолы қоғамдық қабылдауға оннан астам тұрғын келіп, көкейде жүрген көптеген мәселелерді ортаға салды. Мәселен, тараздық Гүлнар Амреева «Көлтоған» алқабындағы №542 жер телімі жоғары вольтқа түсіп тұрғанын айтып, орнына басқа жер телімін беруді сұраса, Әуезхан Сәйдібекұлы есімді азамат «Қант зауыты» алқабы, Жауғаш батыр көшесінің бойына балалар футбол алаңшасын салып беруді өтінді. Сонымен қатар, қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың ішінде балаларына қыстық киім алып беруді сұраған тұрғындарға қала әкімі демеушілер арқылы көмек берілетінін жеткізді. Ал аула клубтары туралы сұрай келген Бақдәулет Кемалов пен Олжас Махан есімді азаматтарға шаһар басшысы нақты әрі толық жауап берді.

– Тараз қаласында балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ықпал ету, шығармашылығы мен белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын ала отырып, отбасы құндылықтарына тәрбиелеу мақсатында құрылған 4 аула клубы тұрақты түрде жұмыс атқарады. Аталған аула клубтарында 4 жастар ісі жөніндегі инспектор 206 тәрбиеленушімен түрлі бағыттағы 8 үйірме бойынша жұмыс жасауда. Сонымен қатар үстіміздегі жылдың 25 қазан күні «Құмшағал» шағын ауданы, А.Байтұрсынов көшесі №1 үйден және 29 қазан күні «Бәйтерек» ықшам ауданы, №8 үйдегі бос тұрған ғимараттан балаларға арналған аула клубтарын ашу жоспарлануда. Cондай-ақ бүгінгі таңда «Астана» ықшам ауданы №30 «А» үйде орналасқан «Азимут» аула клубына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың соңына дейін аталған аула клубы пайдалануға берілетін болады. Жастар мен жасөспірімдерді спортқа баулу мақсатында аула клубтарында «Салауатты өмір салты» атты үйірме жұмыс жасауда. 2019 жылдың 1 маусым күні – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балауса» аула клубында аталған аула клубына келуші балалардың ұсынысы бойынша «STREET WORKOUT» алаңшасы, үстел теннисі пайдалануға берілді. Алдағы уақытта барлық аула клубтарында «STREET WORKOUT» алаңшаларын ашу жоспарлануда, – деді Қайрат Әскербекұлы. Жалпы, бұл күні қабылдауға келген барлық азаматтардың талабы орындалып, мәселелері оң шешімін тапты.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close