Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Қысқа әзірлік жұмыстарымен танысты

Жуырда Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков Қошқарата ауылдық округіне барып, өңірдегі жаңадан салынып жатқан объектілердің құрылыс барысымен, білім, мәдениет, денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысымен, тыныс-тіршілігімен танысып, қысқа әзірлігін бажайлап қайтты.

Аудан басшысы жұмыс сапарын Ақтасты ауылындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде заманауи үлгіде салынып жатқан медициналық пункттің жұмысымен танысудан бастады. Нарбай Әбілқасымұлы медициналық пункттің төңірегінің абаттандырылуын, су және жылу жүйелерін, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстарының сапасын көрді. Сонымен қатар, Ақтасты бастауыш мектебіне кірген аудан басшысы аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжанов пен мектеп меңгерушісі Салтанат Сәулембаевамен бірге бастауымен сыныптарға кірді. Аудан әкімі Нарбай Ергебеков келесі кезекте Қызтоған ауылындағы Сәбит Мұқанов атындағы бастауыш мектептің де жағдайымен танысты. Нарбай Әбілқасымұлы мұнда да сыныптарды аралап, сабақ барысын көрді. Қызтоған медициналық пунктінде аймақ басшысы оның құрал-жабдықтармен жарақталуына, ғимараттың жылу жүйесіне назар аударды.

Сондай-ақ, Қошқарата ауылындағы «Дәурен ата» атындағы мешітке, Абай атындағы орта мектепке, 50 орындық «Қошқарата» бөбекжай-балабақшасына, «Қошқарата» дәрігерлік амбулаториясына барып, жұмысымен танысқаннан кейін өзінің жұмыс сапарын осы ауылдағы мәдениет үйінде өткен тұрғындар жиынымен қорытындылады.

Жиында ауылдық округ әкімі Жәнібек Мырзалиев баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Аудан әкімі Нарбай Ергебеков Қошқарата ауылдық округінен қайтар жолда Боралдай ауылдық округінің орталығы – Көлтоған ауылында аялдап, ақпараттық-цифрландырылған орталықтың ашылу салтанатына қатысты. Ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболовпен бірге орталықтың лентасын қиған аудан әкімі тұрғындардың бұдан былай түрлі анықтамалар алу үшін аудан орталығына сабылмайтынын айта келе, орталықтың халықтың игілігіне қызмет етуіне тілектестігін білдірді.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close