Басты бетЖаңалықтарСаясатСпорт

Әділдік жоқ жерде пара белең алады

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет ететін лауазымды тұлғалар сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуі керек. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерді тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті. Осындай мақсатта жуырда Сарысу ауданы әкімдігінің спорт және денешынықтыру бөлімінде жиын өткен болатын.

Жиында бөлім басшысы Саят Бегалиев сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселеге қатысты өз ойын білдірді. «Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруының себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек», – деп бастады ол сөзін. Сондай-ақ, кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайдылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне әсер етіп жатқанын жеткізген бөлім басшысы кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі деген пікірін білдірді. «Әрине, сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекеттермен қоғамдық ортаның және мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, дара кәсіпкерлердің, азаматтардың қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті дертті болдырмаудың тетігі халықтың өзінде. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу керек. Ол үшін аталған дертке халық болып атсалысып, қарсы жұмылуымыз қажет. Сонда ғана ел мүддесі үшін зор үлес қосатынымыз және халық сенімінен шығатынымыз анық. «Әділдік жоқ жерде пара белең алады», «Дүние, байлық неге керек, денсаулығың болмаса,Төрелігің неге керек, халықтың көңілі толмаса» деген нақыл сөз қызметкерлердің бағдары іспеттес. Шынында да, біз әділ төрелік жасап, жемқорлықтан жоғары тұрған жағдайда ғана халық сеніміне ие боламыз, – деді ол. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар да сыбайлас жемқорлыққа қатысты өз ойы мен пікірін білдірді. Осылайша, жиында жемқорлықтың жегі құрт екені айтылып, барлығы бірауыздан қарсы екенін, күресу керектігін жеткізіп, жиын қорытындыланды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close