Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Ауылдан оқу орталығы ашылды

Жуырда Жуалы ауданының Нұрлыкент ауылынан «Білімді ұрпақ» оқу орталығының филиалы ашылды. «Білімді ұрпақ» білім орталығы былтыр Жуалы ауданының орталығынан ашылған болатын. Орталықтың бүгінде 200-ге жуық шәкірті бар.

-Бұл ауылдан жазғы демалыста орталығымызға көптеген балалар келіп, тіл үйреніп жүрді. Әрине, балалары күнделікті барып-келетін болғандықтан ата-аналарға олардың жолақысы да оңай емес. Сондықтан ата-аналар тарапынан «Ауылымызда 900-дей оқушы бар. Сол себептен біздің ауылдан орталықтың филиалын ашсаңыздар» деген ұсыныс түсті. Әрі-бері ойлана келіп, ашуды жөн санадық. Еліміздің болашағы – жастар. Олардың келешегін ойлауымыз керек. Бұл ғимарат бұрын дүкен болған. Бос тұрған соң жалға алып, ішін жөндеп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Енді жылу жүйесін жүргіземіз. Бүгінгі таңда 100 бала оқуға жазылып отыр. Әлі де жазылуда. 100 баланы он топқа бөлдік. Олар аптасына үш күн оқиды. Білім алушыларға ата-аналардың сұранысы бойынша жоғары санатты ұстаздар ағылшын тілінен Гүлбану Сәрсенбиева мен орыс тілінен Айгүл Сәттібаева сабақ береді,- дейді орталықтың иесі кәсіпкер Нүрилә Мәлібекова.
Орталықтың ашылуына ауылдық округ әкімі Нұржігіт Бөлекбаев, аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсима Шекеева, мүшелері Гүлмира Әсемова, Айнагүл Ахмадбекова, оқушылар мен ата-аналар, ұстаздар қатысты. Ашылу салтанатын М.Ломоносов атындағы орта мектептің оқушылары Диана Рахматуллаева, Дариға Ережепбай және Даярбек Санжар үш тілде жүргізді. Құттықтау сөз кезегі ауылдық округ әкімі Нұржігіт Бөлекбаевқа, аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсима Шекееваға, ардагер ұстаз, ауыл тұрғыны Тамара Раисоваға берілді. Сөз сөйлеушілер ауылдан осындай білім орталығын ашып жатқан кәсіпкерге ризашылығын білдірді. Орталықтың лентасын Нұржігіт Бөлекбаев пен Әсима Шекеева қиды. Тәттіден шашу шашылып, жиналған қауым ішке кіріп, оқу кабинеттерімен танысты.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close