Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Ағаш егу акциясы өтті

Жасыл желек – жанға сая. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға жанашырлық көзқарас таныту адамзаттың басты борыштарының бірі саналады. Соңғы жылдары ғаламдық экологияның шектен тыс бұзылуына байланысты ағаш егу жұмыстары қолға алынып, сол арқылы қоршаған ортаның ауасын тазарту шаралары жүргізіліп жатқаны белгілі. Экологияға пайдалы мұндай жұмыстар біздің Әулиеата өңірінде де қарқынды қолға алынып отыр. Оның ішінде, Жуалы жерінің табиғаты ағаш егуге ең қолайлы аймақ болып саналады.

Жақында аудан аумағында республикалық ағаш егу акциясы аясында бөлім, мекеме, білім ошақтары қызметкерлерінің қатысуымен сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілік жұмыстарының аясында аудан орталығындағы және оған жақын орналасқан ауылдық округтердегі саябақтарға ағаш көшеттері отырғызылды. Айта кету керек, сенбілік жұмыстарына аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат, қоғамдық кеңестің қызметкерлері белсене қатысты.
Атап айтқанда, сенбілікке қатысушылар аудан орталығының ең көрікті орындары саналатын даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы ескерткішінің айналасына, «Жасай бер, Қазақстан!» саябағына, Жастар аллеясына, сонымен бірге Қайрат ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы саябаққа терек, қарағаш, т.б. ағаштардың жас көшеттері егілді. Республикалық акция аясындағы жұмыстар ұйымшылдықпен өткізілді. Ағаш егу жұмыстарының барысын аудан әкімі Нарбай Ергебеков қадағалап, өзі де Бауыржан Момышұлы атындағы саябаққа көшеттер отырғызды. Аудан басшысы сенбілікке қатысушыларға қоршаған ортаның ахуалына, экологиялық мәселелерге ағаш егу арқылы үлес қосуға болатынын айтты.

Жалпы, бүкіләлемдік жасыл желек отырғызу күніне орайластырылған шара барлық аудандарда жоғары деңгейде ұйымдастырылып, облыс бойынша барлығы 18466 адам 18880 көшет отырғызған. Оның ішінде, қарағай, шырша, қарағаш, арша, терек, емен, шетен, айлант секілді ағаш түрлері бар.

Нұржан Манасұлы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close