Басты бетМәдениет

Жас ұрпақты өнерге баулыған киелі шаңырақ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында алдымызға қойған биік мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруін, яғни одан бұрын жаңғырып отыруын, ол үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарасын ортаға салған болатын.

«Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.
Абайдың даналығы, Әуезовтың ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана»,- деп бағдарламалық мақалада айтылғандай, ұлттық мәдениет – бұл біздің ұлттық кодымыз. Оны жас ұрпақтың бойына сіңірмей, ешқандай жаңғыру болмайды. Ал ұлттық мәдениетімізді жас ұрпақтың бойына сіңіретін үлкен шаңырақтың бірі – ауыл-ауылдағы өнер мектептері. Бойында өнерге деген қызығушылығы бар баланың барлығы алғаш білімін осы өнер мектебінен алады. Ауылында өнер мектебі бар балалар бақытты дер едім. Себебі, менің туып-өскен ауылым Қошқарата ауылында өнер мектебі болған жоқ. Бізде өнерге жақын балалар өте көп еді. Соның бірі мен өзім. Мен домбыра тартуды жақсы көретінмін. Бірақ, домбырам да, оны үйрететін адам да болмады. Көрші қыздың домбырасын бір күнге сұрап алып, таң атқанша дыңғырлатып, домбыра тартуға деген құмарлығым соншалық слухпен бірнеше әннің музыкасын құрастырып шығарған кезім де болған. Сондықтан ауылында өнер мектебі бар бала да, ата-ана да қуанып, соның қадірін білуі керек.
Өнерге жақын адам ерекше болады. Ол жамандықтан аулақ жүреді. Себебі, оның жүрегі сезімтал.
№1 Балалар өнер мектебі – ауданымыздағы талай өнерлі жастарды өнерге баулып, қанатын қатайтқан киелі шаңырақ.
Өнер мектебінің іргетасы 1950 жылы қаланған. 1971 жылы музыка мектебі болып ашылған. 1993 жылдан бастап Балалар өнер мектебі болып қайта құрылды. Өнер мектебіне Зарудный Николай Нилович, Рахметова Күләш Қасымбекқызы, т.б сынды өнержанашырлары басшылық етті. Ал бүгінгі таңда Қанат Мұратаев басқаруда.
Қанат Жарасұлы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Алтын күн» суретшілер көрмесіне ұсынған жоғары деңгейдегі шығармашылық жұмыстары жоғары бағаланған суретші. Өнер мектебінде 2019-2020 оқу жылында 1141 бала тәрбие-білім алуда.
-Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап Күреңбел орта мектебінің базасынан өнер мектебінің №1 филиалы ашылды. Сол себептен 200 бала қосымша қосылды. Барлығы 1141 баланы құрап отыр. Оның 34-і өзге ұлт өкілдері.
Мектепте 46 мұғалім еңбек етеді.Балалардың өнерге деген қызығушылығы жыл санап артып келеді. Оған әрине қуаныштымыз,- дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Дина Каденова. – Оқушылар екі ауысымда оқиды. Әсіресе, түске дейін балалар көп келеді. Ең кішкентай шәртіміз Талшын Әбдікерім – 6 жаста. Ол театр және сурет үйірмесіне қатысады. Талантты шәкіртіміз жасына қарамастан жақында Ұстаздар күніне арналған мерекелік шарада жүргізуші болды.
Мектепте 10 үйірме бар. Олар: домбыра, баян, аккордеон, фортепьяно, гитара, театр, хореография, сәндік қолданбалы өнер, көркемсурет, эстрадалық ән,- дейді Дина Әшімқызы.
Өнер мектебінің ұстаздарынан құралған фольклорлық ансамбль, вокальді-инструментальді ансамбль аудандық үлкен іс-шараларда үнемі өнер көрсетіп келеді. Кәсіби мамандардың өнерге баулыған шәкіттері де еліміздегі өнер жұлдыздарын тәрбиелейтін арнаулы және жоғары оқу орындарында білімдерін шыңдап, еңбек етуде. Атап айтқанда, Дидар Мейірхан, Бекболат Жаңабаев, Альмира Ділдәбек, Есжан, Бекжан Исмаиловтар, Жұлдыз Ысқақова, Рамазан Әлиханов, Нұржас Жарылқап т.б.
Мектепте тәрбие ісінің меңгерушілері Гүлнар Жұманова, Эльмира Болтаева және ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі, білімді мамандар еңбек етуде. Олардың ішінде Татьяна Назарова, Гүлнар Андасбаева, Зухра Әбішова, Әлия Елеуова, Манзура Разымбетова, Меруерт Марасилова, Мейрамкүл Тойшыбекова, Біржан Жұмабеков, Қарлығаш Қуанышева, Жасұлан Маханов, Гүлнар Нөкісбекованы ерекше атауға болады. Осындай мамандардың тәрбиелеген шәкірттері жыл сайын түрлі облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Мәселен, өткен оқу жылында «Біз бақытты баламыз!» атты республикалық ән-би байқауында «Жұлдызай», «Қазына» би топтары І орынды иеленсе, Гүлім Мейірхан бас жүлдені жеңіп алды. ІІ республикалық «Дарабоз Жуалы» байқауында «Мұрагер» домбырашылар ансамблі, «Шабыт» театр тобы, Әсел Әбілхайырова, «Қазына» би тобы, Ержан Әминов, Бауыржан Хожа-Ахмедов және «Тұмар» би тобы І орынды иеленді. І республикалық «Талантты Қазақстан» өнер байқауында Арслан Жұман бас жүлдені жеңіп алса, «Үркер-19» республикалық байқауында әртүрлі номинациялар бойынша бес оқушы І орынды иеленді. Сонымен бірге облыстық, аудандық деңгейлердегі байқауларда да көптеген шәкірттері топ жарды.
Мектеп ұстаздары білімін жетілдіру мақсатында түрлі семинар, курстарға барып қатысып, тәжірибе алмасып тұрады. Өткен оқу жылында Семей, Қызылорда, Қарағанды қалаларында өткен семинарларға қатысса, биылғы оқу жылында Алматы, Қарағанды, Ақтөбе қаласында болатын семинарға дайындалу үстінде.
Өткен оқу жылында өнер мектебінен 46 оқушы түлеп ұшыпты. Өнер ұжымы жыл сайын жыл соңында қорытынды есеп беру концертін беріп, ата-аналарды шақырады. Балаларының өнеріне тәнті болған ата-аналар ризашылығын білдіріп, қуанып қайтады.
«Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық» демекші, өнер үйрену – олжаның ең үлкені. Өнерге құмар дарынды, мәдениетті, ынтымақшыл, жаңашыл, мақсатшыл жастарымыз көп болсын! Өнер мектебінің ұжымына тек қана табыс тілейміз.

Перизат Шымыртайқызы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close