Басты бетЖаңалықтарҚоғам

Жуалы ауданында кешенді оқу-жаттығу өтті

Жуалы ауданында Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау» туралы Заңының және 2017-2019 жылдарға арналған Жамбыл облысының басқару органдарын, сонымен қатар азаматтық қорғаныс күштерін дайындау бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес 16-18 қазан аралығында кешенді оқу-жаттығу өтті.

Командалық штабтық оқу-жаттығудың мақсаты – басқару органдары басшы құрамының азаматтық қорғаныс құрылымдары жасақтарын дайындыққа келтіру және лайлы сел зардаптарын жоюға құрылымдар жіберу жөніндегі әрекеттерін іс жүзінде атқару болып табылады. Сонымен қатар құрылған төтенше жағдайларды жою жоспарларын, азаматтық қорғаныс жоспарының іске асырылуын, басқару органдарының, ауданның азаматтық қорғау қызметтерінің бейбіт жағдайдан соғыс кезеңінде міндеттерді мақсатқа сай шешуге дайындығын тексеру.
Сонымен командалық штабтық оқу-жаттығуы аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан активінің қатысуымен өткен кеңес жұмысынан бастау алды. Жиынға азаматтық қорғау қызметтерінің басшылары, ауылдық округтің әкімдері шақырылып, кешенді оқу-жаттығу өткізу бойынша ауданның АҚ қызметтерінің басшылық құрамына бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Кеңесті аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы ашып, жалпы аудан аумағында өтетін жаттығу жұмыстарының маңыздылығына тоқталды. Одан соң Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Әсет Манасов сөз сөйледі. Келесі кезекте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, сондай-ақ облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жауапты мамандары баяндамалар оқып, төтенше жағдайлардың себеп-салдарлары, қауіпті жұқпалы аурулар туралы кеңінен сөз етті.
Жаттығуға тыңғылықты дайындық жұмыстары түс ауа қайта жалғасты. Онда іс-шараға жауапты тұлғалар, атап айтқанда, аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы, оқу-жаттығу басшылығы штабының бастығы Әсет Манасов, штаб мүшелері аудандық полиция бөлімінде болып, төтенше жағдайлар кезінде тұрғындарды құлақтандыруға арналған сигналдарды тексерді. Сонымен қатар №1 мектеп-гимназияда орналасқан ауданның азаматтық қорғаныс бастығының басқару пунктінде болып, ауылдық округ әкімдерімен, қызмет басшыларымен нақты мәселелер бойынша шұғыл отырыс өткізілді. Жиын барысында қызмет басшыларының азаматтық қорғанысқа байланысты тиісті құжаттары тексерілді. Штаб мүшелері аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына қарасты санитарлық-сараптама орталығына да бас сұғып, қызметкерлердің дайындығына қанықты.
Кешенді оқу-жаттығудың негізгі бөлігі келесі күні болды. Онда таңертең сағат 8:00-де «Қатар-303» сигналы беріліп, құрылымдар практикалық пысықтаудан өткізілді. Төтенше жағдайды жою үшін тартылатын жеке құрам мен техникалар сапқа тұрғызылып, штаб мүшелері олардың дайындығымен жеке-жеке және жан-жақты танысып шықты. Одан соң оқу-жаттығу қатысушылары «Тасқын-555» сигналы берілген соң негізгі әрекетке көшті. Алдын ала ойластырылған жоспар бойынша жауын-шашынның көп түсуіне байланысты Б.Момышұлы ауылы Рысбек батыр көшесінің бойындағы сай-салалардан судың шектен асуы салдарынан темір жол бойында орналасқан тұрғын үйлерге, тұрғындарға, үй жануарларына қауіп төнді. Электр бағаналары мен газ құбырларына да елеулі зиян келген. Осыған сәйкес зардап шеккен тұрғындар №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда орналасқан эвакуациялық қабылдау пунктіне уақытша көшірілді. Үй жануарлары да арнайы көлікпен қауіпсіз орынға жөнелтілді.
Ал аудандық электр желілері мекемесі мен «Жуалы газ» мекемесінің қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, зақымданған бағана мен желілерді, құбырларды қалпына келтірді. Ең бастысы, мұндағы көпір маңында сел қаупі көбірек болғандықтан мұнда «Жуалы су» мекемесінің техникалары мен басқа да қызметтің мүшелері ағын суды басқа арнаға бұрып, тез арада сел қаупін сейілтті. №15 мектеп-лицейінің ғимаратында оқу-жаттығу ары қарай жалғасын тапты. Онда электр желісінің қысқа тұйықталуынан өрт шығыпты. Қазандықтан да өрт шығу қаупі жоғары. Оқиға орнына өрт сөндіру қызметі келіп, білім ошағындағы «қызыл жалынды» уақтысында ауыздықтап, зардап шеккен азаматтарды құтқарды. Ал жедел жәрдем қызметінің мамандары өрттен зардап шеккендерге тиісті алғашқы көмекті жасап, ауруханаға алып кетті.
Кешенді жаттығу Қайрат ауылында «Босқын» практикалық жаттығуымен жалғасып, шекаралас мемлекеттерден келген босқындарды қабылдау және қалыпты тіршілік жағдайын қамтамасыз ету жұмыстары арнайы тігілген лагерьде ұйымдастырылды. Одан кейін ауыл шаруашылығы жануарлары мен өсімдіктерін залалсыздандыруды ұйымдастыру, адамдарды жануарлардың жұқпалы ауруларынан қорғау жөніндегі және аса қауіпті инфекцияны жұқтыру анықталған жағдайда карантиндік іс-шаралар да «Індет» практикалық жаттығуы аясында өз деңгейінде өтті. Қарасаз ауылдық округінде ерікті өрт сөндіру құрамаларының дайындығы зерделеніп, орман-дала өрттерін сөндіру бойынша практикалық пысықтаулар жүргізілді.
Кешенді оқу-жаттығу ұйымшылдықпен өтіп, оған облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы, оқу-жаттығу басшылығы штабының бастығы Әсет Манасов оң бағасын беріп, оны өз деңгейінде ұйымдастыруға атсалысқан аудан басшылығына алғыс айтты. Сонымен бірге оқу-жаттығу жиынының бейбіт жағдайда ғана өтуіне тілектестігін білдірді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close