Басты бетЖаңалықтарМәдениетРуханиятӘдебиет

Талапты ауылында Шерхан Мұртазаны еске алу кеші өтті

Иә, өткен жылдың қоңыр күзінде қазақ әдебиеті мен руханияты ауыр қазаға ұшырап, күллі Алаш жұртшылығы аза тұтқан болатын. Өйткені жұлдызы биік Жуалының маңдайына біткен жарық жұлдызы, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза өмірден өтті деген қаралы хабар кім-кімнің де қабырғасын қайыстырғаны анық. Шынында, Шерхан Мұртаза бір ғана Жуалы ауданының ғана емес, тұтастай қазақ дейтұғын қара орман халықтың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап, тиісінше, сол қасиетті халықтың заңды мақтанышы мен айбынына айналып кетті.

Шерхан Мұртаза қазақ әдебиетіне ғана қомақты олжа салған жоқ, тиісінше, перзенттік парызын ұмытпай жамбылдық жерлестеріне де пайдасын тигізді. Сексенінші жылдардың аяқ тұсында табиғи газдың тапшылығы анық сезіле бастаған кезеңде Жамбыл жеріндегі «Амангелді» газ кенішін игеруге өз ықпалын тигізгенін қазір біреу білсе, біреу білмес. Қазіргі таңда аталған газ кенішінің игілігін жамбылдық жұртшылық көріп отыр. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» демекші, Шераға 2000-шы жылдардың басында «тағдырының сызы мен табанының ізі» қалған туған ауылы Талапты ауылына типтік үлгідегі үлкен мектеп ғимаратының салынуына, осындағы жолдардың жөнделуіне, мәдениет пен руханияттың дамуына, мешіт құрылысын жүргізуге өзі бас бола білді. Талапты ауылындағы орта мектеп даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімімен аталады. Қазіргі таңда 250 орындық №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектепте 127 бала білім алып жатыр.

Шерхан Мұртазаның дүниеден өткеніне жыл толуына байланысты бүгін Талапты ауылында Шерхан Мұртазаны еске алуға арналған кеш өткізілді. «Қазақтың руханияты – Шерхан Мұртаза!» деп ат қойылған іс-шара №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектепте өтті. Еске алу кешінің алдында шақырылған қонақтар мектеп фойесінде жабдықталған музеймен танысты. Онда мектеп оқушылары Шерхан Мұртазаның өмірі мен еңбек жолынан ақпараттар беріп, ақындар Хамит Ерғалиев, Темірхан Медетбеков, Ерлан Жүністің Шерағаға арнаған өлеңдерін оқыды. Айта кету керек, Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы тұсында ашылған мектеп мұражайында даңқты қолбасшыға және жазушы Шерхан Мұртазаға қатысты суреттер мен бұйымдар қойылған екен.

Кеш ары қарай акт залында жалғасты. Залда «Ақиқаттың алдаспаны, шындықтың шырақшысы» тақырыбында кітап көрмесі жабдықталып, оған Шерхан Мұртазаның көркем шығармалы қойылыпты. Сахнаға арнайы баннер ілінген. Слайд арқылы Шерағаның өміріне байланысты бейнефильм көрсетіліп тұрды. Мектеп директоры Руслан Сайлаубаев кеш тізгінін қолына алып, ол алдымен Талапты ауылының түлегі, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі, сонымен бірге қайраткерлігі хақында мәліметтер беріп, қонақтармен таныстырды.
Кеш сұхбат түрінде өтіп, алғашқы сөз кеш қонағы, Шерағаның туған інісі Батырхан Мұртазаұлының зайыбы Райхан Майлыбаеваға берілді.
-Мен ең алдымен қазақтың айтулы азаматы болған Шерағаның келіні болғанымды мақтан тұтамын. Ағай Талапты ауылының перзенті болған соң, қайда жүрсе де туған ауылын бір сәт те есінен шығарған емес. Жазушылық, журналистік еңбек жолында жүріп, бірқатар беделді басылымдарға басшылық еткенін былайғы жұртшылық жақсы біледі. Ол кісі ауылға жыл сайын келіп тұратын. Шерағаның ауылға келгенінің өзі бір мереке болатын. Ол кісі ең алдымен дүниеден озған ауылдастарының шаңырағына арнайы барып, қазақы салтпен көңіл айтушы еді. Қуаныштарына да ортақтасатын. Біздің үй Мұртаза атамыздың қара шаңырағы саналады. Шераға ауылға келіп, демалып бір жасап қалатын. Біз ол кісінің демалысын ұйымдастырып, ас-суын дайындайтынбыз. Аға негізінен ұлттық тағамдар мен сусындарды сүйсініп жеуші еді. Әсіресе, қымызды жымызды жақсы ішетін. Шерағаның басқа адамдардан бір ерекшелігі, таңертең ерте тұрып, қымызын ішіп алған соң атқа мініп, сергіп қайту үшін тау жаққа барушы еді. Онда ол кісі ейілдеп қана қоймай, шөп пен егіннің жағдайына да назар аударушы еді. Шерағаның өмірден өткені әрине, бәріміздің қабырғамызға қатты батты,- деді Райхан апай.

Кеш барысында Шерағаның немере қарындасы, аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің жауапты қызметкері Аризат Батырханқызы, ақын, өлкетанушы, ауданның Құрметті азаматы Дәулетжан Байдалиев кезегімен сөз сөйлеп, жазушының азаматтық, қайраткерлік қырларына тоқталды. – Жуалының кез-келген азаматы Бауыржан Момышұлы мен Шерхан Мұртазаның жерлесі болғанын мақтаныш етулері керек деп білемін. Өйткені, мұндай таутұлғалы азаматтар сирек кездесетін құбылыс. Ал Шерағаңның жазушылығы мен қайыспас қайраткерлігі жайында көп айтуға болады. Бір атап өтерлігі, Шерағаның шығармаларын оқыған адам одан Жуалы жайында жазылған жер-су атауларына, олардың қандай мағына беретініне толықтай қанығатыны сөзсіз. Әлбетте, Шераға өте көреген кісі еді. Олай дейтініміз, қайраткер азамат жас буынды үнемі кітап оқуға, сол арқылы ғана туған Отанын, елін, жерін сүйетін нағыз патриот азамат болуға тәрбиеледі. Ал Шерағаның қазақ көсемсөзінде салған сара жолы өз алдына бір мектеп. Өскелеңге ұрпаққа айтарым, Шерхан аталарыңның шығармаларын оқыңдар, сонда ғана жақсы азамат болып қалыптасасыңдар,- деп Дәулетжан Жамалбекұлы ой қорытындылады.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close