Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Талас ауданының әкімі жастармен кездесті

Бүгін Талас ауданының әкімі Досмаханбет Алиев аудандағы белсенді студент жастармен кездесті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен жиынға аудандағы төрт оқу орнының, яғни, Қаратау құрылыс-техникалық колледжінің, Қаратау білім, бизнес және технология колледжінің, Қаратау тау-кен колледжінің және Қаратау №2 колледжінің белсенді жастары қатысты.

Досмаханбет Қасымұлы кездесу аясында колледждің жатақханасы мен зертханалық кабинеттерді аралап, арнайы ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Ал Қаратау құрылыс-техникалық колледжінің акт залында еркін форматта өткен кездесу барысында аудандық Жастар орталығының директоры Н.Манатбеков таластық жастардың бағындырған белесі мен атқарған жұмысы туралы баяндаса, колледж директоры Д.Маселбеков аталмыш оқу орнында оқитын студенттердің жеткен жетістігі жайлы айтып берді.

Жиында жастар белсенділік танытып, аудан әкіміне көкейдегі сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ашық жеткізді. Мәселен, бұл күні Қаратау құрылыс-техникалық колледжінің білімгерлері: «Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды «Волонтерлар жылы» деп атап өтті. Волонтерлармен бірлесіп қандай жұмыс жүргізу ойыңызда бар?», «Ауданымызда төрт арнайы оқу орны бар. Сол оқу орнында ақылы бөлімде оқитын білімгерлер де жетерлік. Колледж белсенділері, оқу жағынан үздік студенттер немесе тұрмыстық жағдайы төмен білімгерлерге аудан әкімінің грантын қарастыру ойыңызда бар ма?», «Сізге студенттер атынан ұсыныс болып тұр, қала жастарына арналған саябаққа тегін wi-fi орнатып берсеңіз», «Біз ерікті жастар оқу жылының соңында «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша бір ай жұмыс істейміз. Ендігі біздің ұсынысымыз «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмысқа қабылданатын студенттер санын көбейтсеңіздер. Себебі, көп еріктілер «Жасыл ел» бағдарламасынан тыс қалып қойып жатыр», «Колледж білімгерлері 3 жылдан бері облыстық, өңіраралық, ұлттық Worldskills чемпионатына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Осы жылдың қараша айында колледждің атынан екі білімгеріміз Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ұлттық чемпионатқа қатысқалы отыр. Соған сіздің тарапыңыздан демеушілік болса», т.с.с. сұрақтарын қойды. Аудан әкімі қойылған сұрақтар назардан тыс қалмайтынын айтып, жастардың ұсыныстарын жан-жақты қарап, орындауға уәде етті.

Жиын соңында колледждің білімгерлері Макпал Айдарбекова мен Есенбек Қаржаубайұлы Абайдың «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» және Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңін оқып, жастар аудан басшысымен естелікке суретке түсті.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close