Басты бетЖаңалықтарМәдениет

Тарихи-өлкетану бұрышы ашылды

Қай салаға салсаңыз да әңгімені талдап, таразылап айтатын, бақытын бүліктен емес, білімнен тапқан азаматтар болады. Солардың бірі – Сейтжан Өскенбаев еді. Ол аудандық білім бөлімін басқарған кезеңді әріптестері аңыз ғып айтады. Ұзақ жылдар бойы Көгершін ауылындағы Ақтоған орта мектебінің директоры қызметін де абыроймен атқарды.

Задында адам баласының бойынан қайраткерліктің ұшқынын байқасақ, кісі баласы елдік мүддені өзінен биік қоя білсе, одан артық не керек? Сол Секең аудандық мәслихаттың депутаты бола жүріп, жұрттың жүрегіндегі мәселелерді көтерді, олардың оң шешім табуына тікелей үлес қосты.

Ол – әдебиеттің, мәдениеттің, баспасөздің жанашыры болды. 80-90 мың теңгеге (ол жылдары қомақты қаржы!) сүйікті басылымдарына бір жылға жазылды. «Ат спорты» журналында меншікті тілші қызметін атқарды. Атқарғанда ақша үшін жұмыс істемеді. Өйткені Секеңнің өз жұмысы бар. Жазу – оның жан серігі. Журналист болуды армандаған. Секең – архив адам. 27 мың дана газет жинаған. Тіпті кейбір облыстық, республикалық басылымдардың ең бірінші нөмірі Секеңнің үйінде бар еді. Ол сапалы газет-журналдың бәрін оқыды. Журналистердің сауатты мақалаларын тақырыптар бойынша бөліп, папкіге жинады. Айта берсек, Секең туралы сөз көп.

Жеті жыл бұрын бақилық болған Секеңе құрмет енді көрсетілді. Туған ауылындағы Болтай Батыр мектебінде Сейтжан Өскенбаев атындағы тарихи-өлкетану бұрышы ашылды. Мұндай қадамға барған аталмыш мектептің ұжымына разы болдық. Бұл күні марқұмның замандастары, достары, құрдастары арын биік қойған азамат туралы тебірене әңгімеледі. Жары Нұргүл де жүректегі сөзін айтты.
Жүрегі жұртым деп соққан азаматты ұмытпаған жерлестеріне Алланың нұры жаусын дестік.

Шынболат Сейдуалиев.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close