Басты бетЖаңалықтарСпорт

Қазфосфаттың 20 жылдығына арналған марафон өтті

Халықтың денсаулығы – ел дамуының маңызды тұтқасы, болашағымыздың кепілі.
Дана халқымыз денсаулықтың қадірін, маңызын айрықша ұғынып, барлық игіліктен жоғары санаған. Тіршіліктің нағыз өзегінен алынған «Бірінші байлық — денсаулық» деген аталы сөз осыған дәлел.

Дені сау ұрпақ қана елдің, ұлттың болашағы бола алады. Адамзатты береке-бірлікке, бейбітшілікке үндейтін де осы — спорт.
Осы орайда, Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдаулар, мемлекеттік бағдарламалар — халықты бұқаралық спортпен шұғылдануға көптеп тарту және саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелерін үндеп келеді.
Елімізде спорттың бұқаралылығын арттыру мақсатында мемлекет тарапынан барынша жағдай жасалуда. Ауданымызда да аталмыш сала назардан тыс қалған емес.

Бүгінде, барлық спорт нысандары тұрғындар үшін қол жетімді. Одан бөлек, ауданда 5 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, 1 спорт кешені, 1 стадион, 30 спорт залы, 25 футбол алаңы және 106 спорт алаңшалары ел игілігіне қызмет етуде.
Саланы қолдауға бөлінген қаржы жылдан-жылға ұлғая түсуде.
Бұл игіліктің барлығы дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылардың қатарын көбейтетініне сеніміміз мол.
Бүгін Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласында «Қазфосфат» ЖШС-нің 20 жылдығына арналған 3 шақырым қашықтыққа жүгіру марафоны өтті.

«Қазфосфат» ЖШС-нің ұйымдастыруымен өткен марафонға қатысушылар саны мыңнан асып, үлкен-кіші демей жүгіруге деген құлшыныстарын танытты.
Бүгінгі қарқындары арқылы аудан тұрғындары спортқа бейжай қарамайтынын сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеді.
Мұратқали Бақыткерейұлы Сәрсенов бастаған барша кеншілер қауымы да 20 жылдыққа арналған марафонға елеулі үлес қосты.
Әсем ән әуелеп, жүгіре жөнелген қатысушылар қарасы көрініп, жеңімпаздар белгілі болды. Межеге жеткендер қатарында жастары алпысты алқымдағандар мен алты жасар балаға дейін бар. Олардың қауіпсіздіктері басты назарға алынып, жедел жәрдем көлігінен бастап барлық тиісті мекемелер мамандарымен соңдарынан жүріп отырды. Абырой болғанда ешқандай қатысушы сыр бермей, жеңіс сызығына жетті. Онша алыс болмағанымен күнделікті жүгіріп денені шынықтыру жақсы екен. Президент Жолдауында да осы мәселе айтылды,-дейді қатысушылар өзара.

Жеңіс тұғырынан көрінген қатысушыларды аудан әкімі Қанатбек Мәдібек және «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры Мұратқали Сәрсенов марапаттады. Олар белсенділер мен жеңімпаздар, ер және әйел, жас айырмашылықтарына қарай арнайы Алғыс хаттар мен заттай, қаржылай сыйлықтарға ие болды.
Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close