Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Тазалық – баршаға ортақ

Таразда абаттандыру және санитарлық тазалық жүргізу мақсатында қолға алынған күзгі екі айлық аясында сенбіліктер өтуде. Облыстық және қалалық мекемелер, кәсіпорындар, облыс әкімдігінің басқармалары мен қала әкімдігінің бөлімдері, кәсіпкерлер және бизнес өкілдері өздеріне тиесілі жерлерді тазалап, көпшілік шарада белсенділік танытуда. Жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері де шырайлы шаһарымыздың тазалық жұмыстарына үлес қосуда. Осылайша, апта сайын ұйымдастырылып келе жатқан сенбілік барысында күл-қоқыс шығару, арық жүйесін тазарту сынды біршама жұмыстар жүргізіліп келеді.

Жалпы, 2019 жылы қаланы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлықтазалық жұмыстарына 1 миллиард 870,8 миллион теңге бөлінген. Биылғы ыжылдың сегіз айында атқарылған жұмыстарға тоқталар болсақ, 27 қураған апатты тал түбінен алынып тасталып, 11 086 ағаштың қураған бұтақтары кесіліп, 298 тал ағаштары балақталған. Бұдан бөлек, қала көшелерінің бойындағы 11640 тал әктелсе, 2004 электр бағанасы, 170 гүл сауыттары, 396 қоғамдық орындықтар, 290 қоқыс тастайтын жәшік, 200 мың шаршы метр аялдама мен 4836 шаршы метр қоршаулар мен турникеттер сырланды. Автокөліктермен көше бойындағы 5240 текше метр тұрмыстық қатты қалдықтар және 3040 текше метр кездейсоқ күл-қоқыстар шығарылса, 5,8 мың шаршы метр жер қолмен тазаланды.

Рас, қалада абаттандыру, көгеріштендіру және санитарлық тазалық жөніндегі күзгі екі айлық өткізу бекітіліп, бұл бағытта жұмыстар өз деңгейінде іске асып жатыр. Алайда шаһардың мөлтек аудандарында сенбілік жұмыстары жүргізілгенімен, ондағы тазалық әлі де болса көңіл көншітпей отыр. Сондықтан халық тығыз орналасқан мөлтек аудан тұрғындары да бір мезгіл өздері тұратын аумақтың тазалығына үлес қосып, өткізіліп жатқан сенбіліктерге қатысса, қала көркі одан сайын ажарлана түсер еді. Осы орайда сенбілік жұмыстарын тек мекеме жұмысшыларына ғана жүктеп қоймай, әр аумақтың тұрғындары елдік шараға атсалысса дейміз. Өзіміз тұратын жердің тазалығына өзіміз жауапты екенімізді естен шығармайық, ағайын!

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close