Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Тараз қаласының әкімі тұрғындармен кездесті

Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев қалалық әкімдіктің мәжіліс залында Өзбек көшесінің 1 және 3 бұрылыстарының тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу еркін форматта өтті. Тұрғындар қаланың орталық көшесіне көп жылдан бері асфальт төселмегенін айтып, ауыз су мәселесін шешіп беруді, көше жарығын орнатуды сұрады. Қала әкімі әрбір сұрақты мұқият тыңдап, тиісті сала мамандарымен бірге сол жерде шешу жолдарын қарастырды. Мәселен, ауыз су мәселесі бойынша «Тараз Су» кәсіпорнының басшысына тұрғын үй шаруашылық бөлімі тарапынан қаражат бөлінетінін, биылғы жылдың аяғына дейін су орнату нүктелерінің техникалық жағдайын анықтап, жұмыстарды желтоқсан айының аяғына дейін аяқтауға өзара келісімге келді. Сондай-ақ, жоғарыда аталған су жүргізу, қазу жұмыстары аяқталған соң ғана, келесі жылы, аталған көшелер орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін көшелер тізіміне енгізілетіні айтылды. Көше жарығы бойынша: аталған көшеге барып, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға тапсырма берді. Қала басшысы Қайрат Әскербекұлы жобалық құжаттама дайындалғаннан кейін мәслихат сессиясында бюджет нақтылау барысында қаражат қарастырылатынын жеткізді. Одан кейін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілетінін, барлық жұмыстардың келесі жылдың еншісінде екенін қадап айтты.

Сонымен қатар, тұрғындар Өзбек көшесіндегі иесіз, бос жатқан жерге спорт алаңшасын салып беруді сұрады. Жер қатынастары мамандары ол жердің иесін анықтау үшін өтініш жазулары керек екенін айтып, одан кейін ғана жерді аукцион арқылы сатып алып, спорт алаңшасын салуға пәрмен берілетінін түсіндіріп берді. Кездесу соңында тұрғындар қордаланған мәселелерді тыңдап, олардың шешу жолдарын егжей-тегжей түсіндіріп бергені үшін қала әкіміне алғыс білдіріп, ризашылықпен тарқасты.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close