Басты бетЖаңалықтарҚоғамӘлеумет

Мүмкіндігі шектеулі жандар – «Nur Otan» партиясының назарында

Мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесін қорғау – «Nur Otan» партиясының ұдайы назарында. Ал оларға қолдау көрсету – қоғамның ортақ міндеті.

Осыған орай, 2015 жылы аталмыш партия «Кедергісіз келешек» жобасын қолға алған болатын. Кембағал жандардың қоғамда еркін жүріп-тұруына мүмкіндік туғызу тұрғысында қандай түйткілді мәселелер бар? Міне, осы мәселе төңірегінде аталған жобаны желеу етіп, партия қалалық филиалы әлеуметтік маңызы бар нысандардың мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету деңгейін зерделеді. Жұмыс тобында партия қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанәділ Оспанов бастаған партиялық бақылау комиссиясының мүшелері бар. Бір тәулік ішінде зерделеу тобы қаладағы 7 нысанға бас сұқты.

Әуелі партиялықтар Төле би көшесінде орналасқан «Жамбыл» қонақ үйіндегі ахуалмен танысты. Бұл жердегі жағдай көңіл көншітпеді. Қонақ үйге кіреберісте мүгедек жандарға ешқандай жағдай жасалмаған. Баспалдақтың жанынан салынған қосымша пандус талапқа сай емес. Тіпті нысан иесі топ мүшелеріне қарсылық білдіріп, өзін таныстырудан бас тартты. Ал ондағы жедел сатының да жайы тым бөлек. Жай ғана талапқа сай келмейтін екі жақтаусыз пандус орнатылыпты. Нысан иесінің айтуынша, өзі қызмет еткен 5 жыл ішінде қонақ үйге мүмкіндігі шектеулі жандар келмеген. «Мұндай жандар келген жағдайда қонақ үй күзетшісі көмектеседі. Немесе біздің қызметті оңтайлы деп таппаса, басқа қонақ үйге баруына болады», – деген нысан иесінің жауабы жаға ұстатты. Бұған партиялықтар мүмкіндігі шектеулі жандардың кез келген қонақ үй қызметіне жүгінетіндігін айтып, өмірге құштар жандар үшін келешектің еш кедергісіз болуы шарт екендігін ескертті. Дәл осы ғимаратқа артылған айып тек бұл емес. Биылғы шілде айында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ғимараттағы пандусты қайта қалпына келтіруге уақыт берген екен. Алайда дөрекілігінен дүйім жұртты шошытқан кәсіпкердің қылығынан мұндай ескерту қағаздары жиі үлестіріле береді ме деген ойға қалдық.

Бақылау тобының келесі зерделеу жұмысы кеңсе тауарларын сататын «Аbdi» Company» АҚ қалалық филиалында жүргізілді. Дүкен ішінде 2-қабатқа көтерілу үшін арнайы баспалдақ, яғни эскалатор орнатылған. Комиссия мүшелері «мүгедектер арбасындағы адам бұл эскалаторға қалай шығады?» деген сауалға жауап іздеді. Нысан директоры Баянбай Кәрібаевтың айтуынша, бұған дейін жаңа құрылғы қызметіне жүгінгендердің тарапынан ешқандай шағым түспеген. Мониторинг барысында дүкеннің Желтоқсан көшесінің бойында орналасқан кіреберісін ашу қажеттігі айтылды.

Осыдан кейін бақылау тобы «Оптимед» көз хирургия орталығы, жүрек хирургиясы және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы, №40 «Балауса» және №38 «Толағай» балабақшасы мен «БанкЦентрКредит» қалалық филиалы нысандарын аралады. Кемшіліктер табылған барлық мекемелерге ескертулер айтылып, алдағы уақытта олқылықтардың жойылу қажет екенін хабарлады.

– Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында қыркүйек айында қаладағы 20 әлеуметтік нысанға мониторинг жүргізілді. Барлық нысандарда мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделуіне арнайы белгілер, пандустар санитарлық-тазалық орындарына орнатылғанымен, стандартқа толыққанды сәйкес емес. Әсіресе, дүкен, қонақ үйлер, сауда орындары және т.б. жеке меншік иелігіне жататын нысандарда олқылықтар көп. Мемлекеттік органдарда бұл жағынан көбірек қолға алынған. Бұл іс-шара тоқтаусыз үнемі жалғасын таба беретін болады, – дейді Жанәділ Ағабекұлы.

Толғанай Атабай.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close