Басты бетМәдениет

Шұғыла – шабыт әлемі

Осыдан он бес жыл бұрын Тараз қаласы әкімдігінің «Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Шұғыла» бейнелеу өнері студиясы алғаш рет балалар үшін сұлулық пен үйлесімділік әлеміне өз есігін ашқан. Бұл студияның қорында көптеген беделді байқаулардың, көрмелер мен жобалардың жеңістері жинақталған. Бірақ ең басты жетістік – жүздеген түлектер және олардың жүрегінде мәңгі сақталған шығармашылық ізденіс пен жасампаздық сезімі. Олардың көпшілігі үшін осы жерден мамандық таңдау жолы басталды.

Бүгінде мұнда 5-17 жас аралығындағы 300-ден астам бала білім алуда. Балалар сурет салу, сызу, мүсіндеу, аппликация, қағаз пластика, композиция негіздерін үйренеді. Ал оларға осылардың бәрін тәжірибелі және өз ісін сүйетін педагогтар Эльмира Бегайдарова, Галина Шумилина (ҚР Суретшілер одағының мүшесі), Александр Мельников (ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Әлем халықтарының өнері» қауымдастығының мүшесі), Ольга Мельникова, Жанар Жүнісбай, Людмила Кан, Айжан Аязбаева және Мария Крапп көмектеседі. «Барлық балалар сурет салуды жақсы көреді, өйткені әр оқушы – кішкентай суретші. Педагогтың міндеті – оның қалыптасуына, баланың әлемі жарқын бояулармен, қуанышпен және шабытпен толуына көмектесу, – деп есептейді Галина Шумилина.

Бізде жас таланттар тек қана бейнелеу өнері және әртүрлі техникалық тәсілдердің дағдыларын игерумен шектелмей, сонымен қатар әлемдік және ұлттық мәдениетпен сусындайды. Балалар аймақтық, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда және экспозицияларда өз шеберлігін және шабытын айқындап, шығармашылықтарын шыңдап келеді. 2016 жылы Торунь қаласында (Польша) өткен XVІII Халықаралық сурет байқауында студияның 35 тәрбиеленушісі дипломдарға ие болды. Осы жылы «Шұғыла» студиясы Лидице қаласындағы (Чехия) 43-ші Халықаралық балалар шығармашылығы көрмесінде Алғыс хаттармен марапатталды. Студия «Балалар әлемді бейнелейді. Мұсылман елдері» (2018 жыл) және ХХІХ «Подводные фантазии» халықаралық балалар шығармашылық байқауына жеңімпаздарды дайындағаны үшін дипломдармен марапатталды (Донецк қ., 2018 жыл). «ART OF TALANT» халықаралық көркем сурет байқауына қатысқан «Шұғыла» студиясының тәрбиеленушілері Александр Когай мен Диана Ибрагимова бірінші орынға ие болды, ал студияның сегіз тәрбиеленушісі екінші орынға ие болды (Қарағанды қ., 2018 жыл). 2019 жылы Минскіде өткен ХІV халықаралық «На своей земле» кескіндеме және графика байқауының жеңімпаздарын дайындағаны үшін студия педагогтары Алғыс хаттармен марапатталды. Өнерлі жас суретшілер екі рет үлкен көлемдік республикалық «Күзгі бояулар», «ЮНЕСКО жолымен. Әлем. Өнер. Жастар», «Әлем бояулары» биенналесіне қатысты. Жалпы студияның шығармашылық жеңістерінің географиясы өте кең. Ал «Менің өлкем», «Қысқы қиялдар», «Әлемдік өнер туындылары балалар көзімен» сияқты көрмелердің қорытындысы бойынша балалардың суреттерінің көркем альбомдары дайындалды.

Студияның балаларға арналған тақырыптық және жеке көрмелер өткізуге арналған тамаша алаңы бар. Осы алаңда студияның талантты тәрбиеленушілері Софья Бородина, Полина Мельникова, Аяулым Мамыт, Еркеайым Избасар және Алуа Тойымбекованың жеке көрмелері ұйымдастырылған. Ал балалардың еңбектерінің нәтижесі ретінде тек педагогтар ғана емес, сонымен қатар достары мен ата-аналарының баға беруі шығармашылыққа ең жақсы мотивация болып табылады.
Жыл сайын студия тәрбиеленушілеріне «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында (Щучинск қ.), «Өрнек» лагерінде (Алматы қ.) және «Ақ су» балалар сауықтыру лагерінде (Шымкент қ.) өздерінің бейнелеу өнер дағдыларын дамыту және педагогтар мен тәрбиеленушілердің арасында шығармашылық нәтижені алмасу мақсатында шеберлік сыныптары өткізіледі. Студия өміріне ата-аналар да белсенді қатысады. Балалар үлкендермен бірге Түркістан қаласындағы Ақсу-Жабағылы қорығына, Қ.А.Яссауи кесенесіне барды, Өзбекстан қалаларына саяхат жасады, Жамбыл облысының ежелгі тарихи және мәдени ескерткіштері Ақыртас, Айша бибі, Қарахан, Тектұрмас және «Ежелгі Тараз» аумағындағы пленэрге қатысты. Осындай сапарлардан балалар көптеген жағымды эмоцияларға бөленіп, сергектік пен күш-қуат алады. Ал осы саяхаттардың шығармашылық қорытындысы олардың альбомдарында жаңа суреттердің туындауына себеп болады.

– Менің ұлым бейнелеу өнері студиясында төртінші жыл білім алуда. Бейнелеу өнерімен айналысу және шығармашылық жобаларға қатысу оның өмірін жарқын бояулармен толтырып, көңіл-күйін көтереді. Сурет салу арқылы ойлауға, сұлулықты түсінуге және бағалауға үйренеді. Біреу үшін сурет салу – өзін-өзі дамыту және хобби, басқалары үшін кәсіби қалыптасудағы кезең, – дейді Анастасия Литвинова.

– Суретші болуды балалық шағымнан армандадым, сол мақсатыма жету үшін осында келдім, – деп еске алады студия түлегі, қазіргі Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті Руфия Ғабидуллина. – Мұнда мені бейнелеу өнерінің негіздеріне үйретті. Ал әртүрлі конкурстар мен жобаларға, лагерь және пленэрге қатысу тәжірибе жинақтауға көмектесті. Студия педагогтарының арқасында мен жоғары оқу орнының қабылдау емтихандарына дайындалуға мүмкіндік алдым. Енді тек қана сурет салып қоймай, сонымен қатар өсіп келе жатқан ұрпақты бейнелеу өнеріне баулығым келеді.

Мол тәжірибеге қарамастан, студияның тәлімгерлері өз ісінің жаңа түрлерін үздіксіз ізденуде. Осы жылдың жаңашылдығы «Art English» эксперименті болды, онда кіші топтарда сурет салумен айналысуды ағылшын тілін үйренумен педагог Мария Крапп ұштастыруда. Бейнелеу өнері балаларға шет тілін үйренуге көмектеседі. Оларға түс бояуын, бояуларды араластыруды, жарық түсіруді және композицияны қатар зерттеп, осы үдеріске қиындықсыз енуге мүмкіндік береді.

Нағыз таланттың белгісі тұрақты даму мен өзін-өзі жетілдіру болып саналады. «Шұғыла» бейнелеу өнері студиясының педагогтарына бұл қасиеттер толық көлемде тән.

Забира Садыбаева,
Мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығының қосымша білім беру педагогы
.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close