Басты бетЖаңалықтарСаясатҚоғам

Өзекті мәселелер шешімі

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласындағы бағыттар бойынша Тараз қаласында қандай жүйелі жұмыстар жүргізілуде? Ондағы негізгі міндеттер халыққа толық жеткізілуде ме? Тап осындай сауалдардың жауабын қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабайдан білген едік.

– Кенжебек Мамашбайұлы, ұлттық сананы жаңғыртуға бағытталған екі бірдей ауқымды бағдарламалық мақаладан туындаған міндеттер облыс орталығында қаншалықты жүзеге асуда?
– Бүгінде облыс орталығында ҚР Тұңғыш Президентінің бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру аясында қалалық жобалық офис пен қалалық әкімдік тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қос бағдарламаны шаһарда сапалы іске асыру бойынша 2019 жылға арналған жоспарлар әзірленген. Биылғы жоспарға енгізілген іс-шараларға сай арнайы бағыттары мен жобалар аясында 86 іс-шара енгізіліп, қазіргі таңда оның 58-і өткізіліп, 17352 адам қамтылды. Іс-шараларға жалпы қамтылатын адам саны – 36 282, қаржы көлемі 20 974 теңгені құрайды. Бағдарламалық мақаланың негізгі бағыттарының бірі «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша – 4 жоба, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша – 4 жоба, «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша 1 жоба аясында іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жалпы қаражаты 82,3 миллион теңгені құрайды. Аталған бағдарламаларға 382 бағытталған шара өткізіліп, 60 350 қала тұрғыны қатысты. Олардың қатарында «Тараздың түрленуі» атты іскерлік-әріптестік кездесу, «TARAZ FILM SCHOOL» киномектебінің түлектеріне сертификат табыстау рәсімі, «Қайсар» көркем фильмінің және «No Limits» деректі-құжаттық киносының тұсаукесер рәсімі, «Сіз оқуға тиіс әлемдік 100 кітап» әдебиет аллеясы, «Қазақстандағы тарихи орындар» атты кітап көрмесі, «Жамбылым қандай тамаша» атты концерттік бағдарламалар бар.
– Бағдарлама аясында бірқатар әлеуметтік жобалар жүзеге асып жатқанын білеміз. Осы ретте кәсіпкерлердің белсенділігі қандай? Туған жеріне туын тігіп жатқан азаматтарымыз жайлы не айтасыз?
– «Туған жер» жобасы аясында «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры М.Ескендіров әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға, «Jambyl-Taraz» газетінің редакциясының ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасындағы «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауына, Рио қаласында (Бразилия) өткен Паралимпиада ойындарының (жүзуден) жеңімпазы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы З.Габидуллина балалар аула алаңшасының құрылысына, «Таразэнергоорталық» АҚ-ы көпбалалы отбасылардың коммуналдық қызметтеріне демеушілік көмек көрсетті. Оның ішінде Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС директоры Мұқаш Ескендіровтің демеушілігімен мектеп оқушылары арасында «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауы республика бойынша алғаш рет біздің облыста бастау алып, 1000-ға жуық оқушыны қамтыды. Аталған жоба ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан қолдау тауып, еліміздің барлық облыстарында өткізуге ұсынылды. Аталмыш жоба аясында демеушілер мен меценаттарды кең көлемде тартудың тиімді тетіктерін қарастыру мақсатында ағымдағы жылы «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттарын салтанатты құттықтау рәсімі өткізіліп, 7 номинация бойынша («Жыл меценаты», «Туған өлке», «Жыл тұлғасы», «Жүректен жүрекке», «Батыл жүрек», «Жылдың үздік ұйымы», «Ерен еріктілік» номинациялары) Алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ 2018-2019 оқу жылында мектептерге «Өлкетану», «Туған өлке тарихы» курстары 7-8 сыныптарға енгізіліп, 7374 оқушы қамтылды.
– ХХІ ғасырдағы ұлттық санамызды, ұлттық кодымызды анықтауда аталған бағдарлама аясында тың жобалар мен ізденістер туындағаны белгілі. Ал басым бағыттар бойынша жүзеге асқан өзге де жобалардың берері қандай?
– Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтары қайта жаңғыртудан өткізілді. Жастар жылы аясында «Жастар» аллеясы ашылды. Мұнда «Ұлы дала ұландары» стеласы, «Білім» алаңы, «Кітап» стеласы, «Жастар» қабілет орталығы жастар игілігіне берілді. Жыл соңына дейін облысымыздың 80 жылдығына орай «Шахристан» этномәдени кешенінде ортағасырлық үлгідегі бірнеше мәдени нысан бой көтермек. Бағдарламаның «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында ағымдағы жылы қала деңгейінде 245 іс-шара өткізіліп, оған 24327 адам қамтылды. Ал қала мектептерінде 489 іс-шара өткізіліп, қатысқандар саны 51786 адамды құрап отыр. Сонымен қатар қаладағы №30 мектеп-гимназиясында, М.Шолохов атындағы кітапханада «Коворкинг» орталықтары ашылды. Және ағымдағы жылдың қазан айында қалалық жастар ресурстық орталығының ғимаратында «Коворкинг» орталығын ашу жоспарлануда. «Жазғы оқу залы» жобасы бойынша маусым-тамыз айларында «Арман», «Фресно», Қ.Рысқұлбеков, Т.Рысқұлов, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябақтарында жазғы оқу залдары ашылған. Осы саябақтарда түрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындар назарына жаңа әдебиеттер мен мерзімді басылымдар беттеріндегі мақалалар насихатталып, оқырмандар кітапханаға тартылуда. Ал «Құнды өлкетану құжаттарын цифрлау» жобасы бойынша өлкетану әдебиеттерін насихаттау мақсатында 18 жергілікті авторлармен шығармашылық келісімшарттар жасау арқылы олардың 56 атауымен 810 дана, оның ішінде мемлекеттік тілінде 37 атауымен 688 дана кітабы цифрланып, кітапхананың дерекқорына енгізілді. Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының мұрағатынан фотоқұжаттарды цифрлау бойынша ағымдағы жылы «Фотоархив» дерекқорына 623 фотоқұжат еніп отыр. Және «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл, ұлттың дара тұлғаларының бірі Әбілхан Қастеевтің туғанына 115 жыл, өшпес із қалдырған дара дарын иесі Шәкен Аймановтың 105 жасқа толуына орай конференциялар, виртуалды вернисаж, дөңгелек үстел, кездесулер, библиографиялық шолу және т.б. іс-шаралар ұйымдастырылды. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы аясында Абай атындағы орталық кітапханасында, облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының алғашқы кезеңінің жеңімпаздары З.Габидуллина, Меркі аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полицейі, полиция аға лейтенанты Ғ.Арыстанбаевпен қаладағы мүмкіндігі шектеулі балалар кездескен болатын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арнайы жобалары бойынша 6 ролик («Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» – 4, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» – 1, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» – 1) әзірленіп, қала әкімдігінің ресми сайтында, БАҚ-та, әлеуметтік желілерде, ақпараттық агенттіктерде жарияланды.
– «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қолға алынған жұмыстар нәтижесін беріп келеді ме?
– «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне аударылған кітаптардың QR-кодтары бар тақтайшалар қаладағы 5 кітапханада (Абай атындағы, М.Әуезов атындағы, М.Шолохов атындағы, №5, 6) орналастырылды. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» арнайы жобасы аясында ролик әзірленді.
– Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде атқарылған жұмыстар қандай?
– «Мемлекет басшысының бастамасымен елді жаңғыртуға бағытталған жалпыұлттық бағдарламалардың іске асырылуын түсіндіруге арналған мақсатты іс-шаралар ұйымдастыру» атты арнайы жоба бар. Бұл жобаға мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, нәтижесінде «Елім-Ай Достық» қоғамдық бірлестігі бірлесе бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыс атқаруда. Жалпы бұл мақалалар елдің жаңа бағытта дамуына тыныс берген құжат десек те болады. Өзекті әрі өткір мәселелердің шешімін біз бәріміз біріге отырып жүзеге асыруымыз қажет. Сонда Елбасы жүктеген тапсырмадан қорытынды шығады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Толғанай АТАБАЙ.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close