Басты бетЖаңалықтарМәдениетҚоғам

Бата беру сайысында жуалылық қария бас жүлдені ұтып алды

Батагөй ақсақалдар байқауында жуалылық Аманжол Дүрәліұлы бас жүлдені ұтып алды.

Жуырда Алматы облысының Көксу ауданына қарасты Балпық би кентінде өткен оңтүстік өңірдің батагөй ақсақалдарының байқауында жуалылық Аманжол Дүрәліұлы бас жүлдені ұтып алды, – деп хабарлайды «Ақпарақ» ақпарат агенттігі. Ақсақалды арнайы құттықтау үшін Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков қабылдады.

Жетісу жерінде үш күн тойланған Балпық бидің 325 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған сайысқа алты өңірден 13 ақсақал қатысып, өзара бақ сынасқан болатын. Жамбыл облысының атынан қатысқан Жуалы аудандық «Ақментей» ҚБ төрағасы, от ауызды, орақ тілді батагөй ақсақал Аманжол қажы Дүрәліұлы байқау қорытындысы бойынша бас жүлде мен 600 мың теңгенің сертификатын ұтып алды.

Жалпы, Көксу ауданының орталығындағы Мәдениет үйінде «Бабалар сөзі – даналық көзі» тақырыбында өткен батагөй қариялар арасындағы бата беру сайысының негізгі мақсаты шұрайлы тілден төгілген жауһарларды ұрпаққа ұлағат ету. Қазақ бата арқылы ұрпағын адамгершілікке, имандылыққа, ақылдылық пен парасаттылыққа, шешендікке баулыған. Дуалы ауыз қариядан алған ақ бата адамға рух беріп, жігерлендіріп отырған. Міне, осындай мақсатта өткен байқауда қариялар барын салды. Ал оларға төрелік еткен қазылар алқасының төрағасы, ардагер журналист Нұртілеу Иманғали сынайтын жерде сынап та алды.

– Алты Алаштың ардақтысы болған би-шешендеріміздің  берген баталары ел аузында сақталып, халық мұрасына айналып, қазақ фольклорының дербес, шағын жанры ретінде қалыптасты. Ұйқасты да ырғақты, мазмұнды да мәнді болып келетін бата халқымыздың жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, обал-сауап тұрғысындағы моральдық-этикалық түсініктерінің айғағы іспетті. Мұны біз байырғы дәстүріміздің келелі жұрнағы есебінде қараймыз. Алайда қарияларымыз «әттеген-ай» деген іштегі өкпе мен күдікті оятып отыр. Мен қанағаттанбадым. Несін жасырайын, бұдан да зор болады деп үміттенген едім, – дей келе Нұртілеу Иманғали дәстүрлі байқау келесі жылы Жамбыл төрінде жалғасса деген ниетін білдірді.

Байқау қорытындысы бойынша, жоғарыда айтып өткеніміздей, Жамбыл облысынан келген Аманжол Дүрәліұлы бас жүлдеге лайық деп табылып, 600 000 теңгелік сертификатты ұтып алды. Өзге қатысушылар да ақшалай сыйлық пен арнайы дипломдармен марапатталды.

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close