Басты бетЖаңалықтарСаясатҚоғам

Талаптарды орындау – баршамыздың міндетіміз

Қазақстан Республикасы Президентінің халыққа арнаған Жолдауында еліміздің дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығуы үшін атқарылуы тиіс жұмыстардың басым бағыттарын белгілеп берді. Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асырудың өзегі ретінде бес міндет белгіленді.

Мемлекет экономикасын реформалау қоғамдық- саяси өмірін жаңғыртусыз мүмкін еместігін ескере келе, Президент ең алғашқы қадамды мемлекет тұрақтылығының негізін қалайтын «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есепті Үкімет» формуласынан бастауды мақсат етіп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға назар аударды.

Елбасы төрағалық ететін «Nur Otan» партиясы бүгінде халықтың шынайы саяси күшіне айналғаны баршамызға мәлім. Осы мақсатта алдағы уақытта мемлекеттің саяси тұрақтылығын нығайту жолында Президент көп партиялықты, саяси бәсекелестік пен пікір алуандығын арттыруды ұсынды. Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтарына айналмақ. Сондықтан да әкім аппараты мен бөлім басшылары азаматтардың мәселелерін заң аясында әділ, сапалы және уақтылы шешіп, облыс әкімі аппараты мен Президент Әкімшілігіне жүгінуге мәжбүр еткізбеуі қажет.  Мемлекет басшысы Ата Заңымызға сәйкес азаматтардың өз ойын еркін айтуға құқығы бар екендігін баса айтты. Осы ретте қалалық ішкі саясат бөліміне қолданыстағы заңнама аясында бейбіт акциялардың өткізу тәртібін және наразылық шараларын өткізу орындарын қайта бекітуді қарастыру бойынша жұмыстар тапсырылды.

Президент «Ел бірлігі – оның әр алуандығында!» принципінің негізінде барлық этникалық топтардың тілі мен мәдениетін жалғастыра келе, қазақ тілінің рөлін күшейтуге шақырды. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыру маңызды міндет екендігін атап өтті.  Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттырып, оларға жаңа міндеттер жүктеу мақсатында жақын арада «Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы» қабылданатын болады. Бұл бағытта азаматтардың құқықтарын қорғау жолындағы негізгі мақсат болып сот және құқық қорғау жүйесін реформалау жұмыстары аталды. Адам және адамның құқығы ең жоғары құндылықтар болғандықтан, Президент аса ауыр қылмыстар үшін жазалауды қатаңдату керек екендігін және Үкіметке екі ай мерзімде заңға өзгеріс енгізуді тапсырды.

Сыбайлас жемқорлықпен күресу – негізгі міндеттеріміздің бірі. Мемлекеттік органдар көрсетілетін қызметтер жемқорлыққа итермелеуші фактор екендігі белгілі. Ағымдағы жылы «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында тұрғындар тарапынан 70 шағым түсіп, оның 20 мәселесі шешілген, қалған 50 мәселе бақылауға алынды.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің барынша ашық болуын қамтамасыз ету, тұрғындарға бір мезетте түрлі мәселелердің шешіміне «бір терезе» қағидасымен сапалы қызмет көрсету мақсатында «Open-Akimat» форматында қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы мен жер қатынастары бөлімдері жұмыстарын бастады. Президент халыққа арнаған Жолдауында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасау міндетін қойды. Бүгінгі күнге қала бойынша 16 330 мүгедек бар болса, оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны 2659-ды құрайды.

2019 жылы мүмкіндігі шектеулі 75 азаматты жұмыспен қамту жоспарланса, қаңтар-шілде айларында 140 азамат жұмыспен қамтылды. Халықтың денсаулығы қашанда бірінші орында тұратыны белгілі. Сондықтан да, дені сау ұлт тәрбиелеу, оларды спортқа баулуға басымдық беріліп келеді. Бұл орайда, қала бойынша 515 спорт нысаны бар. Бұл нысандардың 98% тұрғындардың жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылдануы үшін қолжетімді болып отыр. Қазіргі таңда Тараз қаласында жүйелі түрде спортпен айналысушы азаматтар саны 106 мыңнан астам адам болса, бұл қала тұрғындарының 29,6 пайызын құрауда. Жалпы қала тұрғындарының қамтылу көрсеткішін 30 пайызға жеткізу қажет.

Жалпы атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесі аз емес. Алдағы уақытта да Жолдаудан туындайтын міндеттерді орындап, ел игілігі үшін тиімді жобаларды іске асырамыз. Жолдау еліміздің жаңаша дамуына жол ашып, әрбір азаматтың өмір сапасын арттыратыны анық.

Кенжебек Олжабай, Тараз қаласы әкімінің орынбасары

Тақырып бойынша мақалалар

Close
Close